Балалардың жыл сайын асыға күтетін мерекелерінің бірі – жаңа жыл. Жаңа жыл – түрлі-түсті ойыншықтармен безендірілген шырша, әртүрлі ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге тамаша көңіл күй сыйлап, армандарына жан бітіріп, әртүрлі сыйлықтар үлестіріп, қуаныштарын еселеп, аппақ көңілдерін әрлей түсетін ерекше күн. Осыған орай, балалардың жыл бойы ерекше ықыласпен күткен мерекесіне орай кеше Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың қатысуымен Ақтау қаласының «Хан Шахар» салтанат сарайында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүжәлсіз отбасы балалары мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арналған Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» тақырыбы аясында жаңа жылдық шырша тойланды. Шараға облыстық мәслихат хатшысы С.Трұмов, департамент, басқарма басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ардагер ұстаздар, қалалық, аудандық білім бөлім басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мерекеге орай Елбасы Н.Назарбаев салтанатты мерекеге жиналған балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, видеожолдауын арнады.
«Қымбатты балалар, мен сендерді және еліміздің барлық балаларын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Осы мерекеде бас қосуды бүкіл балалардың жыл бойы асыға күтетіні бекер емес. Бұл күні кез келген перзенттің аппақ көңілі, айтылатын ақжолтай тілектерінің орындалатынына сенемін. Шырша тойында өнер көрсетіп сыйлық алатын бүлдіршіннің қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәрің де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылуларың керек. Бүгінде дүниежүзі тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктеріне құрметпен қарайды. Осындай мәртебелі мемлекетте, еркін елде өсіп жатқан сендер бақытты балаларсыңдар», – деп ақ тілегін жеткізді Президент.
Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Е.Тоғжанов та бүлдіршіндерді қуанышты мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Біздер көк туы желбіреген тәуелсіз бақытты елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің және халқымыздың бірлігі мен берекесінің арқасы. Сіздер ұлтын сүйетін, Отанын қорғайтын, ата-ананы сыйлайтын, ұстаздарын қадірлейтін, достықты бағалайтын, білімді азаматқа лайық болуларыңыз керек! Сондықтан бәріңізді талмай ғылым мен білім алуға, ерінбей еңбек етуге шақырамын. Келешекте елімізге адал қызмет ететін жандар – сіздер», – деді Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ өңір басшысы 2018 жылдың айтулы шараларының бірі Астананың 20 жылдығында, Каспий маңы елдерінің V саммитінде өнер көрсетіп, елмен бірге атсалысқан бүлдіршіндерге алғысын білдірді.
Жаңа жыл мерекесіне қатысқан 9–13 жас аралығындағы 250 балаға Қазақстан Республикасының Президенті атынан сырт киімдер, бас киім, шарф, аяқ киім, тәтті сыйлықтар, телефон сыйға тартылды. Сонымен қатар әр балаға Қазақстан Республикасы Президенті атынан Президенттің балалық шағы туралы «Назарбаевтай болғым келеді» кітабы мен құттықтау хаты табысталды. Елбасының керемет сыйлықтарына ие болған балалардың қуанышында шек жоқ. Ән айтып, би билеп, ертегі кейіпкерлерімен көңіл көтеріп, мерекелік шыршаны сәтті аяқтаған бүлдіршіндер «EL Divino» мейрамханасында мерекелік түскі ас ішіп, одан әрі теңіз жағалауындағы мифтер алаңына саяхаттады.
Сондай-ақ республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары атанған 15 бала «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығы ұйымдастырған жаңа жылдық мерекелік шараға шақырту алды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="68119,68117,68123,68118,68120,68121,68115,68122,68124,68125"]