Ташкентте өткен самбодан Әлем чемпионы Гүлдана Әлмұханбетоваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Пәтерді өңірдегі құрылыс компанияның бірі сыйға тартты. Сонымен қатар Маңғыстау облысы самбо федерациясы атынан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұркен Домбаевқа және бапкері Берік Жұмағалиевке 1 миллион теңге қаржылай сыйақы берілді.
«51 шаршы метр бір бөлмелі үй маңғыстаулық самбошы Гүлдана Әлмұханбетоваға берілді. Құрылыс компания тарапынан алғаш рет чемпионға үй тарту етіліп жатыр. Қазіргі таңда құжаттарды жинақтау, келісімшартпен танысу жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі біздің спортшыларға деген қолдауымыз. Әрі қарай да ел намысы үшін тер төгіп, көк туды желбіретіп жүрген азаматтарды қолдауға дайынбыз», - деді құрылыс компаниясының бас директоры Айдос Амангелдіұлы.
Өз кезегінде маңғыстаулық самбошылар Гүлдана Әлмұханбетова мен Нұркен Домбаев жеке кәсіпкер, құрылыс компаниясының директоры Айдос Амангелдіұлына, «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекеновке және бапкері Берік Жұмағалиевке алғыс білдірді. Алдағы уақытта тоқтап қалмай, жетістік жолын жандыруға еңбек ететінін айтты.
Еске сала кетейік, 12-14 қараша күндері Ташкентте самбодан Әлем чемпионаты өткен. 54 елдің самбошылары бақ сынаған жарыста маңғыстаулық Гүлдана Әлмұханбетова 54 келі салмақта алтын алды. Ал ерлер арасында 58 келі салмақта күрескен Нұркен Домбаев қола жүлдені қанжығаға байлаған болатын.
«Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекеновтың айтуынша, ертең Талдықорған қаласында самбодан, әскери самбодан 23 жасқа дейінгі ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Маңғыстау облысынан спортшылар қатысады, екі күнге созылатын жарыста нәтижелі өнер көрсетеді.
«17-20 желтоқсан аралығында Семей қаласында Қабанбай батырдың жүлдесіне арналған ересектер арасында самбодан халықаралық турнир өтеді. Бұл жолы Нұркен Домбаевқа жарақатына байланысты демалыс береміз. Ал осы уақытқа дейін әлем чемпионатында жүлдегер атанған қалған спортшылар жарысқа қатысады. Себебі бұл турнирде келесі жылы өтетін Азия, Әлем чемпионаттарына жолдама беріледі», - дейді Манарбек Бисекенов.
Біз бұған дейін Ақтау қаласында самбодан Азия чемпионаты өтуі мүмкін екенін айтқан болатынбыз.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған "Жас батыр" спорт мектебі