Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Сұлтан Саумбаев Краковте (Польша) жасөспірімдер арасында өткен каратэ-до кекушинкай чемпионатынан күміс медальмен оралды. Ол 65 келі салмақта төрт кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде ел абыройын арқалап барған Сұлтан каратэмен 5 жасынан бері айналысып келеді. Зияткер осы уақытқа дейін түрлі республикалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келген еді.
«Каратэ мені шыдамдылыққа, сабырлыққа баулыды. Сондықтан сабағыммен қатар алып жүремін. Әлем чемпионатында бақ сынауыма күш салып, жаттықтырып үйреткен бапкерім Жәнібек Джулдасовқа алғыс білдіремін», - дейді зияткер.
Айта кетейік, қарашаның 19-20-ы күні Краков қаласында каратэ-до кекушинкайдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 32 елден 684 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасынан 27, соның ішінде Маңғыстау облысынан 8 спортшы қатысты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 8 медаль жеңіп алды.