Ақтауда Ф.Оңғарсынова атындағы №29 орта мектебінің көркем еңбек пәні және робототехника үйірмесінің мұғалімі Марат Атаназаров және оқушысы Жасұлан Шаңытбай «Антивирус терминал» құрылғысын ойлап тапты, - деп хабарлады mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа құрылғы №29 мектепке орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр.
Антивирус терминалы адамның дене қызуын өлшеп, қолды автоматты түрде ультрадыбыстық датчик арқылы залалсыздандырады. Арнайы тетіктер арқылы балалар мен ересектер үшін бетперде алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мұнда «Ashyk» қосымшасы да орналатылған.
«Қазіргі таңда белең алған коронавирус пандемиясынан құтылудың бірден бір жолы бетперде тағып, қолымызды антисептикпен залалсыздандырып, адамдармен қарым-қатынасты азайту деп дәрігерлер ескертіп жатыр. Осындай терминал барлық білім ошағы мен балабақшада, қоғамдық орында тұрса, індеттен тезірек арылуға аз да болса септігін тигізеді деп сенемін»,- дейді Марат Атаназаров.
Терминалдың басты ерекшелігі – автоматтандырылған. Құрылғыны қашықтан бақылап, күтіп- ұстау мақсатында арнайы бейнекамера орнатылған.
Айта кетейік, өнертапқыштар жуырда өткен «Дарын» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінен 1-орын иеленіп, республикалық кезеңіне жолдама алды.