Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен мемлекет қайраткері Ләззат Қиыновқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнай саласында ерен еңбек атқарған, мемлекеттік қызметте аянбаған Ләззат Қиыновты бүгін туған жерінің бір топ азаматы ардақтап, оған арналған кітаптың тұсаукесеріне куә болды. Өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы Ләззат Кетебайұлына мемлекеттегі қызметтегі және мұнай саласындағы еңбегіне ерекше ықыластық танытып, халықтың атынан шапан кигізді. Одан бөлек, ел азаматының өмір жолын кітапқа түсірген Шархан Қазылғұлға да алғыс айтып, шапан жапты.
Бұл кітап жай адам туралы емес. Дегенмен, мен адамды мақтауға қарсымын. Адамды мақтау керек емес, адаммен мақтану керек сияқты. Осы еңбекті жазуға түрткі болған нәрсе – Ләззат Кетебайұлына деген ерекше ықыласым, - деді кітаптың авторы Шархан Қазылғұл.
Кітап «Қырандар төбеге қонбайды» деген деректі повестьтен басталады. Артынша Ләззат Қиыновтың мақалалары мен сұхбаттары жинақталған. Одан кейінгі бөлімде Сақып Керелбаев, Ғани Карин, Жалғас Бабаханов сынды азаматтардың Ләззат Кетебайұлы жөнінде жазған мақалалар топтастырылған.
Бұл кітаптың маңызы өте зор. Әсіресе, болашақ ұрпаққа. Себебі, кітаптың кейіпкері бүкіл Қазақстанға белгілі. Оның үстіне, Маңғыстау өлкесінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан адам. Екі мәрте облыс әкімі қызметін атқарған өнеге алатындай азамат. Кітаптың тұсаукесері Ләззат Кетебайұлының туған топырағында, еңбек жолының көбі өткен мекенде жасалып жатқаны өте орынды, - деді Ғани Карин.
Махаббат Нұржанқызы