Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Ырысжан Сансызбай «Айбын» VІІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында «Smart Sarbaz-2021» өнертапқыштар номинациясы бойынша І орын иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Марапат мектеп жанынан құрылған «Альтаир» клубының өкілі Ырысжан Сансызбай мен клуб жетекшісі Мақсатбай Джолаевқа Нұр-Сұлтан қаласында табысталды. «Айбын» VII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны пандемияға байланысты онлайн форматта өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 51 команда қатысып білімі мен білігін ортаға салған.
Ақшұқыр мектеп-лицейінің жанынан құрылған «Альтаир» әскери-патриоттық клубы аймақтық, республикалық айтулы шараларға қатысып, жоғары орындардан көрініп жүрген командалардың бірі.
Уақытпен санаспай барымызды салып дайындалдық. Міне, сол төккен теріміздің жемісін татып, республикалық айтулы шарада сарбаздарымыз топ жарып, жүзден жүйрік шықты. Біраз қиындықтар мен кедергілер де болды. Дегенмен де, жас сарбаздарымыз барлық қиындықты жеңіп, табандылық таныту арқылы биіктен көрінді. Бұл осы жарысқа қатысқан команданың 15 мүшесінің ғана емес, барша мектебіміздің мақтанышы, қуанышы болғаны анық. Жалпы, командамыздың барлық мүшелері де жеңіске жетуде үлкен табандылық танытып, қиындықтарды жеңе білді. Бұл біздің жас сарбаздарымыздың әлеуетінің зор екендігін анық көрсетті. Алдағы жылдары бұдан да биік нәтижелерге жететінімізге сенімім мол, - дейді «Альтаир» клубының жетекшісі Мақсатбай Джолаев.