Облыстық «Ана мен бала» орталығының акушер-гинеколог дәрігерлері біліктілігін арттырды. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жергілікті акушер-гинеколог дәрігерлерге Ұлттық ғылыми орталықтың жоғары санатты акушер-гинекологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талшын Укыбасова дәріс беріп, науқастарды тез сауықтыру әдістерін үйретті.
«Дәріс барысында пациенттерді қарап, реанимацияда болдық. Бүгін «Ана мен бала» орталығында жас анаға жоспарлы кесарь тілігімен ота жасалды. Медицина саласында күн сайын өзгеріс болып жатыр. Дәрігерлер қанша жыл жұмыс істесе, сонша жыл оқиды. Қызмет барысында көрген, білген ақпараттар мен пайда болған жаңалықтарды енгізу үшін маңғыстаулық дәрігерлермен тәжірибе алмасып жатырмыз», - деді Талшын Укыбасова.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің айтуынша, бұған дейін облыстағы «Ана мен бала» орталығына анестезиолог және өзге де білікті дәрігерлер келіп, тәжірибе көрсеткен. Алдағы уақытта мұндай шаралар жиі ұйымдастырылады.