Маңғыстау облысының студенттері арасында «Жылдың үздік студенті» облыстық байқауы өтті. Қатысушылар 10 аталым бойынша сынға түсті. Нәтижесінде Фатима Есенғалиева «Жыл студенті – 2022» аталымын иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков, Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек және Бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, "Modern" компаниясының жұртшылықпен байланыс директоры Ким Алена қатысты.
Шара барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев сөз сөйлеп, жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктерді атап өтті. Сондай-ақ студенттерге сәттілік тіледі.
Байқау нәтижесінде «Үздік белсенді студент» аталымы Ақмарал Атамурадоваға, «Үздік мобилография» номинациясы Назерке Қойшыбекқызына бұйырды. Ниязбай Адайбек «Үздік спортшы», Нұрбол Абдулла «Үздік өнерпаз», Мақсат Тілегенов «Үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы» атанды. Сондай-ақ Жанболат Алиев «Үздік ақын», Элеонора Сәкенқызы «Үздік ерікті», Снежанна Денещик «Үлгерімі бойынша үздік студент» және Нұрсұлтан Терликпаев «Үздік суретші» номинациясына ие болды. Ал «Үздік спорттық оқу орны» номинациясымен Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі марапатталды.
Айта кетейік, байқауға 30-ға жуық студент өтінім берген. Байқауды Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер Альянсы» ұйымдастырды. Сонымен қатар мерекелік кешке «Кеттік Маңғыстау» турагенттігі және «Модерн» компаниясы демеушілік көрсетті.