5 қараша күні Мемлекет басшысы бірқатар заңдарға жария түрде қол қойды. Соның бірі - Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңы.
Заң 2022 жылдың маусымында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдумның қорытындылары бойынша іске асырылды, яғни Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен айқындалады деп Конституцияның 83-бабы жаңартылған.
Алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде прокуратура органдарының құқық қорғау функциялыры күшейтілді.
Заңның өзі жеті тараудан, 48 баптан тұрады, нақтылау сипатында төмендегідей өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Прокуратура актілері бойынша өзгерістер.
Наразылық бойынша:
Прокурор наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне қарай оны қараудың өзге де мерзімін, бірақ үш жұмыс күнінен кем болмайтын мерзім белгілеуге құқылы (ескі редакцияда бұл мерзім күнтізбелік он күннен кем емес болып белгіленді).
Наразылықты қарау нәтижелері туралы прокурорға жазбаша нысанда дереу хабарланады. Наразылық қаралғанға дейін оны келтірген не жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.
Қаулылар бойынша:
Заңның 37-бабына сәйкес, прокурор келесідей қаулылар шығара алады:
* жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы;
* жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы;
* күзетпен ұсталатын, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация қызметтерінің есебіне алынған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің органдары қолданған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою туралы;
* лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұру туралы;
* сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою туралы;
* прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындау туралы.
Үндеу бойынша:
Жаңа өзгерістерге сәйкес әскери және көлік прокуратуралары органдарының басшылары, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Ескі редакцияда бұл құқық тек Бас Прокурор және оның орынбасарларына, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі болған. Прокурорлардың қадағалау функцияларын күшейту мақсатында «заңды түсіндіру» прокурорлық қадағалау актісі «заң бұзуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру» деп ауыстырылды.
Тексерулер бойынша:
Заңдылықтың сақталуын тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, Бас Прокурордың тапсырмасы және Заңның 18-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша тағайындалады.
Яғни, Бас Прокурордың орынбасарларының, әскери прокуратура және көлік прокуратурасы органдары басшыларының, облыстар прокурорларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурорлардың, аудандық және оларға теңестірілген (қалалардың, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлардың заңдылықтың сақталуын тексеруді тағайындау және жүргізу туралы шешімдері:
1) физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға қарай құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
2) кәмелетке толмаған адамдардың;
3) адамдардың шектелмеген тобының;
4) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардапты болғызбауға қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің;
5) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың лауазымды адамдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қабылданады.
Кәмелетке толмаған адамдардың заңды мүдделеріне қатысты тармақ енгізілді.
Прокуратура органдарында қаралатын жолданымдардың тізбесі кеңейтілді.
Прокурор, жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін заңдылықтың бұзылу фактілері бойынша жолданымдарды қарауға құқылы.
Жаңа заң бойынша прокурорлар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері тек мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан ғана емес жәнеде меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар тарапынан аралассада жолданымдарды қарайды.
Прокурорлар Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерді болғызбау мақсатында жолданымдарды да қарайтын болады. Сондай-ақ, заңда прокуратура шешімдеріне, актілеріне және прокуратура органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды сотқа дейін реттеу тәртібі айқындалған.
Заңның 25-бабына сәйкес прокуратура шешімдеріне, актілеріне не прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым шешімнің, актінің қабылданғаны немесе әрекеттің жасалғаны (әрекетсіздік) туралы адамға белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей прокуратура органдарына беріледі және оны жоғары тұрған прокурор қарайды. Шағым жасау мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, шағымды қарайтын прокуратура органы мерзімді шағым берген адамның өтінішхаты бойынша, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, қалпына келтіруі мүмкін. Жаңа заң неғұрлым жүйеленген, прокуратура органдары ведомствосының, құқық қорғау органдары академиясының, әскери және көлік прокуратуралары органдарының қызметіне қатысты жекелеген баптар қосылған.
Прокурорлық қадағалаудың нысандары мен шектері айқындалды, Қазақстан Республикасының атынан жоғары қадағалау заңдылықтың сақталуын тексеруді, заңдылықтың жай-күйін талдауды, күшіне енген актілерді бағалауды жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Заңның 10-бабына сәйкес прокурор өз құзыретіне сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіруге құқылы.
Бұл норма прокурорлардың олигополия субъектілерінің активтерін мемлекетке қайтару жөніндегі өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыда бекітеді.
Заңда прокуратураның адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі өзара іс-қимылы туралы бап енгізілген.
Осылайша, Конституциялық заңның 29-бабына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мүдделерін қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды және оның қызметіне жәрдем көрсетеді.
Жаңа заң бойынша Бас Прокурор Конституцияның нормаларына түсіндірме алу үшін Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы (бұл норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
Бас прокурордың прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау жөніндегі жаңа өкілеттіктері туралы нормалар енгізілген. Қоғамда және мемлекетте заңдылыққа қол жеткізу - прокуратура органдары қызметінің негізгі мақсаты болып табылады, жаңа Заңның мәртебесі құқық қорғау органдары жүйесінде прокуратура органдарының рөліне ерекше мән беріліп, заңдылықты қамтамасыз ету бойынша Конституциялық міндет тиімді түрде іске асырылады деген сенімдемін.
Облыс прокуроры Р. Құттықов