28 қараша күні Ақтау қаласында гидтер слеті өтті. Іс-шара барысында елдің және Маңғыстау облысының туризм саласының даму қарқыны талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев ашып, өңірдегі туризмді дамыту бойынша жоспарланған жобалар туралы айтты.
«Kazakh Tourism» ҰҚ АҚ өкілдері елдегі барлық гидтер мен экскурсоводтары туралы деректерді біріктіруге мүмкіндік беретін цифрландыру жобасымен таныстырды. Жоба бойынша жуырда туристер гид бейджіндегі QR кодты сканерлеу арқылы гид және оның қызметі туралы мәліметті білуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар платформада туристік объектілер мен маршруттар бойынша бірыңғай ақпараттар базасы орналастырылады. Осылайша гидтер мен туристер жаңартылған әрі нақты ақпараттармен танысып отырады.
- Туристерге сапалы қызмет көрсету үшін әлемдік деңгейге сай болуымыз керек. Сондықтан гидтерді халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту өте маңызды, деді ҚР WFTGA ұлттық жаттықтырушысы және гидтер мен туристік объектілердің өзін-өзі реттейтін қауымдастығының (САГиТО) президенті Жанар Ғабит.
Еске салсақ, 22-27 қараша аралығында WFTGA әдістемесі бойынша гидтерге арналған тренинг өткен. Ал 28 қараша күні 24 гид оқудан өткені туралы сертификат алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі қолдаған бұл бастама өзге де өңірлерде жалғасады деп жоспарлап отыр.
«Экскурсоводтардың кәсіби шеберлік мектебінің» ұйымдастырушысы мен инвесторы, «Этно ауыл Көгез» жобасының басшысы, «Турист» ЖШС директоры Евгения Слюсарева экскурсоводтар қызметінің айырмашылықтарын атап өтіп, олардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер мен жауапкершіліктер туралы айтты.
- Бүгін Маңғыстау облысының туризмін дамытуда жаңа дәуір басталды. Сондықтан гидтер мен экскурсоводтартың жұмысына бей-жай қарамауымыз тиіс. Олар білімді және қабілетті, әрі білікті болуы керек, деді «Турист» ЖШС директоры Евгения Слюсарева.
Ал сертификатталған туризм нұсқаушысы, Bicycle Adventure Club туристік клубының басшысы Александр Габченко гид-жолсеріктердің қызмет түрлерімен бөлісіп, туризм нұсқаушысы мен гид-жолсерік ұғымдарын ажырату өте маңызды екенін атап өтті.
Аталған шара Маңғыстау облысының гидтерін, экскурсоводтары мен туристік ұйымдарының өкілдерін біріктіруге, өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешу туралы ұсыныстарды жинақтауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, іс-шараны өткізу барысында туристік қоғамдастық өңірде ұйымдастырылатын турлардың сапасы, гидтер мен экскурсоводтардың қызметі мен оқыту стандарттары, шет тілдерінде экскурсия ұсыну мүмкіндігі және туристік объектілердің тұрмыстық қоқыспен ластану проблемалары талқыланды. Барлық айтылған ұсыныстар келесі жылға дейін тиісті ұйымдардың жұмыс жоспарына енгізіледі.
Шара қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар гидтерді цифрландыру жүйесін пайдалану, халықаралық стандарттар бойынша гидтер үшін тренингтер өткізу, сол арқылы білікті гидтер мен экскурсоводтардың санын ұлғайту жөнінде шаралар өткізуге келісті.