Бүгін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ұйымдастыруымен І Жастар форумы өтті. Негізгі мақсаты – Ақтау оқушыларына жоғары оқу орны мен ондағы мүмкіндіктерді таныстыру, мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Форумға Ақтаудағы №6 жалпы білім беретін орта мектеп, №13 мектеп-гимназия, №23 орта мектеп, №16 орта мектеп, №27 Өмірзақ орта мектебі, И. Сүйеубаев атындағы №8 орта мектеп, №11 мектеп-лицей, №21 орта мектеп және №10 орта мектептің жас түлектері қатысты.
Алдымен жас түлектерге арнап Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті басқарма төрағасы-ректор, экономика ғылымдарының докторы, халықаралық ақпараттандыру академигі, профессор Гүлзада Тәңірбергенқызы алғашқы сөз сөйледі.
«Қазір жастардың қандай мамандықты таңдауы, сол арқылы елге, өңірге қандай пайда тигізуі өте маңызды. Сондықтан да 11-сынып оқушыларын жинап, өз ойымызды, болашаққа керек өндірістік мамандықтардың, қоғаммен байланыс, эмоционалдық интеллект сынды дағдылардың маңыздылығын түсіндіреміз. Әрі қарай форум Павлодар, Шымкент, Орал, Нұр-сұлтанда өтеді», - дейді Гүлзада Тәңірбергенқызы.
Гүлзада Тәңірбергенқызы – Маңғыстаудың тумасы. Ақтауда №17 мектепте білім алып, алтын белгімен бітірген. Кейін арман қуып, жоғары оқу орнында білімін кеңейтіп, жаңа дағдыларды меңгерген. Алғашқы Жастар форумының туған өткеден басталуы да сондықтан.
Оның айтуынша, мамандық таңдау, алға қойған мақсатты бағындыру, жаңашылдыққа бейімделу, кездескен қиындықты жеңіп, жетістікке жету тек өзіңе байланысты. Сондықтан да ол жастардың мамандық таңдаудан қателеспеуі керек екенін бүгінгі шарада нақтылап өтті.
«Қай жерде болсам да мен үшін Қазақстан – қуатты, мықты ел. Ал мықты университет – мықты мамандар ортасы. Ал мықты маман – ел болашағы», - деді ол.
Сонымен қатар Атырау мұнай және газ университетінің түлектері келіп, жастармен тілдесіп, кеңестерін айтты.
Соның бірі – Әлімбек Қыдырбаев. Ол 2007 жылы Атырау мұнай және газ университетін Мұнай және газ өнеркәсібінің машиналар мен жабдықтары мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде өз саласы бойынша нәтижелі жұмыс істеп жүр.
«Еңбек жолым 2004 жылы слесарь-жөндеуші қызметінен басталды. Қазір 17 жылдан бері «Интергаз Орталық Азия Ақтау магистралды газ құбырлары» филиалында қызмет атқарып жүрмін. Ең бірінші мақсат – жоғары оқу орнын таңдап, мамандықты жоғары деңгейде игеру еді. Соның нәтижесінде өзімізді қалыптастырып, білікті маман дәрежесіне жеттік», - дейді Әлімбек Қыдырбаев.
Оның айтуынша, әкесі де газ саласында ұзақ жылдар қызмет еткен. Әке жолын әрі қарай жалғау үшін аталған мамандықты таңдаған. Қазіргі таңда ҚР бойынша газ тасымалымен айналысып, оны елдің ішкі нарығына және шет елге газ құбырлары арқылы жеткізіп жүр. Басты мақсаты – тұрғындарға газды апатсыз жеткізу және қамтамасыз ету.
Сонымен қатар университет түлегінің бірі Абзал Жеткізгеннің айтуынша, газ саласына келген жас мамандардың қызығушылығы жоғары, білімге құштар.
«Бүгінгі таңда біздің мекеме Атырау мұнай-газ университетімен бірге жұмыс істеп жатыр. Яғни, жас мамандарды дайындап, Атыраудағы жаңа нысанда жұмыс істеуіне, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беруде. Тек Атырау университетінің түлектері ғана емес, Маңғыстаудағы жоғары оқу орнының жас мамандары тәжірибеден өтіп жүр. Жастардың қызығушылығы, жұмысқа икемділігі қуантады. Себебі, газ саласы мұнай саласына аса ұқсамайды. Бұл ретте студенттер халықты газбен қалай қамтамасыз етіп, үйге қалай метан газының келіп жатқанын зерттеп, сондай-ақ газ түрлерімен танысуға бейім», - дейді университет түлегі, газ саласының маманы Абзал Жеткізген.
Форум түрлі салада жетістікке жеткен спикерлердің әңгімесімен қатар концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН