Түпқараған аудандық орталық аурухана дәрігерлері 39 жастағы ананы жедел кесарь тілігімен босандырып алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шұғыл жағдайда жасалған отада нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы және жатырды кесу арқылы сәтті шығарып алды. Операцияға Түпқараған аудандық орталық аурухананың гинекологы Айнұр Азанқызы, хирург Шалқар Айымов, анестезиолог Нұрлыбек Жалғасбаев қатысты. Бір сағатқа созылған ота сәтті аяқталды.
Дүниеге келген сәбидің салмағы – 4 келі. Қазіргі таңда ана мен бала үйге шығарылды, жағдайы жақсы. Дәрігерлердің бақылауында.
Айта кетейік, Түпқараған ауданында мұндай шұғыл операциялар жиі жасалып жүр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА