Бүгін Назарбаев зияткерлік мектебінің 100-ге жуық 7-сынып оқушысы домбыра тартып, флешмоб ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Флешмобқа белсене қатысқан оқушының бірі – Бибінұр Бекзатқызы. Ол 4 жасынан бастап қолға домбыра алған. Оның айтуынша, домбыра үнін тыңдап, қос ішекті тартуға деген қызығушылығын әжесі оятқан.
«Менің әжем Жыңғылды ауылындағы мектепте музыкадан сабақ беретін. Көптеген аспапта ойнай алады. Өзі өнерлі жан болған соң мені де өнерге баулығысы келді. Осылайша мен де домбыраның кереметін ерте түсініп, онда ойнауды аздап үйрене бастадым», - дейді зияткер Бибінұр Бошман.
Бибінұрдың домбыраға махаббаты балалық шақтан басталғанымен, бірнеше уақыттан соң өнерден қол үзіп қалған. Десе де ол 7-сынып оқушыларына міндеттелген домбыра сабағы арқылы қайта қабілетін шыңдап жүр.
«Мектепте домбыра сабағы міндеттелген кезде қатты қуандым. Тек мен ғана емес, өзге де оқушылардың қызығушылығы арта түсті. Қыркүйекте басталған сабақта біз танымал тұлғалардың әндері мен күйлерін шертіп, жоғары деңгейге жетудеміз. Біз мұны бүгін «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобында дәлелдей білдік», - дейді Бибінұр Бошман.
Зияткерлік мектеп оқушылары үш ай ішінде үйренген Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін, кейін «Нәр ағашы, «Кербез сұлу» күйлерін көпшілік алдында орындады. Сонымен қатар Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шертті.
Оқушыларға домбыра сабағын 20 жылдан аса тәжірибесі бар Гүлсім Тәжмағамбетова жүргізуде. Оның айтуынша, 120 шақты балаға бір сәтте домбыра үйретуден қорықпаған. Себебі ол жеке оқушымен де, топпен де сабақ беретініне сенімді болған.
«Мені баланың көңіл-күйі, домбыраны қалай қабылдайтыны алаңдатты. Оқушының көңіл-күйі болмаған жағдайда тек тыңдау және әуенді іштей жаттау әдісін қолдандым. Балалар домбыра тартуды топпен үйрене бастағанда міндетті түрде санауды, сол арқылы нота сауаттылығын меңгеруді үйретемін. Бұл әдістерді үйрену балалар үшін оңай болды. Кері байланысты уақытылы берді. Үй тапсырмасын үнемі сұрап отырғандықтан бүгінгі дәрежеге жеттім», - дейді мұғалім Гүлсім Тәжмағамбетова.
Сондай-ақ ол домбыраны үйрету кезінде қазақ сыныбы мен орыс сыныбы оқушыларының байланысуы қиын болғанын айтты. Гүлсім Тәжмағамбетованың айтуынша, орыс сыныбының оқушылары қазақ күйлерін көп тыңдамайтын болғандықтан, арнайы бағдарлама жасаған. Яғни бірінші кезекті Абай әндерін тыңдатып, әуенін құлаққа сіңіріп, жаттатуға жұмыстанған.
Осы ретте ол 7-сынып оқушылары ғана емес, алдағы уақытта басқа да сынып балаларына домбыра сабағы бекітілгенін сұрап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН