Ақтау қаласын мемлекеттік мерекелерде безендіруге 24 579 568 теңге бөлінген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл 27 сәуір күні «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік сатып алу порталына қаланы мереке күндері безендіруге арналған конкурс жариялаған болатын.
Ашық дереккөзіне сүйенсек, конкурсқа өтінім қабылдау 5 мамыр күні басталып, 20 мамыр күні аяқталған. 15 күн ішінде бар-жоғы 2 өтініш келіп түскен.
Нәтижесінде, қаланы безендіру жұмысын 24 000 000 теңгеге бағалаған «Актау Рrint» мердігер мекемесі жеңімпаз атанды. Енді мекеме 31 желтоқсанға дейінгі мемлекеттік мерекелерде қаланы көркейте түседі.
Айта кетейік, 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай қаланы безендіру жұмысы 25-28 қараша айында жүргізілді. Ал 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні қарсаңында безендіру жұмыстары 10 желтоқсанда басталып, үш күннен кейін аяқталуы керек.
Биылғы безендірудің техникалық ерекшеліктеріне шолу жасайық. Мердігер мекеменің жауапкершілігінде брандмауэр дайындау, билбордтарды баннермен безендіру, кермелі баннерлерді дайындау және орнату жұмыстары бар. Сонымен қатар 104 тутұғырға жөндеу жүргізу, салют және одан басқа кәрзеңкелерді жөндеу, тутұғырларға ту ілу, 18 тутұғырлы кәрзеңкені безендіру, 11 дана «Салют» кәрзеңкесін безендіру, 6 ЛЭД экранға бейнеролик шығару сынды жұмыс жүктелген.
Бұған дейін мердігер мекеме техникалық ерекшеліктерге сай 1-мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні, 7-мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр Жеңіс күні, 6-шілде Астана күні, 30-тамыз ҚР-ның Конституция күні қарсаңында қаланы безендірген.
Еске сала кетейік, биыл «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» қаланы 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мен 21-23 наурыз мерекесі қарсаңында безендіруге 4 699 856 теңге бөлген еді. Ал 2019 жылы дәл осы мерекеге 7 864 000 теңге жұмсаған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет авторы Т.ҚҰСАЙЫН