©
Өзі құралпы қазақтың балалары секілді ол да малдың шетін көрген. Әкесі Әбдіразақ Құлсары мұнай кәсіпшілігіне жақын жердегі Чапаев атындағы колхозда мал баққан. Мал бағу - қазақтың ата кәсібі. Төрт түліктің қадірін ұқпаған бала қазақ болмысты болып қалыптаса алмайды. Бірақ болар баланы кішкентайынан-ақ таныған. Әкесіне қолқанат бола білген бала Ғазиз мал жусатудың да жөнін білген. Зерек бала өз заманының зарын естіп өседі. Қандай зар дейсіз бе? Оның балалығы соғыс жылдарына тұспа-тұс келген еді ғой. Артынан ерген інісі Шәріп естияр бола бастағанда Ғазиз жердегі жусаған малға қарауды доғарды. Оның орнына аспанға шаншылған мұнараларға қарай қиял жүгіртеді. Кіші інісі Жақсыбайдың болашағына да жігіт жүрегі алаңдайды. Алаңдамай қайтсін, колхоздың бас көтерер азаматтарының барлығы майданға аттанған. Шопан керек болып әкесін соғысқа жібермей алып қалғандығы олардың көңіліне медеу. Әкесінің тірнектеп жүрген еңбегі соғыстағы солдаттарға азық ретінде жөнелтіледі. Бейнетпен күн кешсе де, қиындыққа қыңқ дей қоймайтын әке мұнараға қарайлай беретін Ғазиз-арманды байқамай жүр деп пе едіңіз? Ешкім баласын қиындыққа қимайды. Бірақ кіндігі туған үйге байланып қалған ешкім жоқ. Бұл өмірде құс екеш құстың балапаны да ұядан ұшып кетуге асығып тұратыны бар. Қанаты қатайғанша балапан-көңіл мазасызданады емес пе? Осылайша ол мұнаралар мекеніне аттанады.
Әрине, арманның аты арман ғой. Ол бірден ырық бере салатын ұғым емес. Он бес жастағы балаға тіпті асау арман бірден жуаси қалмасы анық. Мәселен, армангердің бірде бір құжаты жоқ болатын. Ол документ деген сөзді жұмыс сұрай барғанда бір-ақ естиді. Содан өзінің дүниеге келгендігі жайында құжат жасатудың әбігеріне түседі. Бұл оқиғаға тоқталмай өте шығуға болар еді. Бірақ он бес жыл бұрын ел шетіндегі қараша үйде туған баланың дүниеге келгеніне кім куәлік етеді? Демек, Ғазиздің туғанын растап анықтама бере алатын дәрігер жоқ деген сөз. «Мұнайлы мұнараларға жуықтау қиын екен, ол үшін құжат керек екен. Қой, келген жеріме қайтайын» деуіне болатын еді. Осылайша, оп-оңай арманмен қош айтысып, қайтадан мал соңына түсуге болар еді. Бірақ ол олай жасамады. Соңына дейін әрекет қылды, амалын тауып, құжаттарын реттеді. Қағаз жұмыстары реттелген соң, ол бұрғылаушы жұмысына кірісіп кетті. ІІІ дәрежелі көмекші-бұрғышыдан басталған оның еңбек жолы қызық оқиғалармен өріле берді. Геологиялық іздестіру партиясының басшысы Ожақай Бегалиев жас бұрғышыны Құлсарыдан шалғайдағы Ұшқан деген жерге алып келеді. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның экономикасына қан жүгіртіп тұрған қара алтынды тапқан қаһарманның мұнай саласындағы тағдыры басталады.
Мұнай іздегенде Ұшқаннан Биікжал деп аталатын жаңа алаңға көшпек болды. Жас бұрғышы қазған жерден қазына шыға береді деп ойлайтын-ды. Олай емес екен. Тіпті Биікжалдан да олжа табылмағанда ол қатты құлазыды. Сол кезде ғана ол бұрғышыда қайтпас қайсарлықпен қоса темірдей төзім болуы керек екенін ұқты. Қазған жерден қазына шықпай қойғаны бір сәрі, шығатынын біліп, жұмысты тоқтатып тастайтын кездер де болады. Мәселен, 1950 жылы Қаратонға салынған бұрғы жұмысын саяси себептерге байланысты тоқтатып тастаған. Әйтпегенде, мұнай табу бақытын Ғазиз бұрғышы ертерек сезінер еді. Саяси себеп демекші, Кеңес үкіметі соғыстан кейінгі есеңгіреп қалған жағдайды дереу шешуге кірісті. Әрине, ол үшін ең алдымен экономиканы жолға қою керек. Күн тәртібіне Маңғыстау мұнайын ашу мәселесі қойылды. Осылайша, Гурьев мұнай басқармасы Бегалиев Ожақайдың партиясына Маңғыстауға көшуге бұйрық шығарды. Бұрғылау құбырлары мен мұнара сорабының маторларын Маңғыстауға ала бару керек болған. Осылайша бұрғышы Ғазиз әуелдегі атақонысына көшіп бара жатқанын үйіндегілерге хабарлай алмай, көшуге қам жасайды. Мұнара бөлшектерін кемеге жұмысшылар екі күн бойы тиепті. Дауылдатып, бұрқасындатып жүзген кеме Форт-Шевченкоға келіп тоқтайды. Тоқтағанға дейін де оқиға бар. Бұрқасынның кесірінен кеме бір тәулік бойы теңіздің қақ ортасында тұрып қалады. Не ары қарай жүзеріңді білмейтін, не кері қарай қайтарыңды бағамдай алмайтын, бұл бір жаныңды шүберекке түйіп, Құдайға жалбарынғаннан басқа қайран жоқ кез еді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда өткен үстел теннисінің ең үлкен қатысушысы — 76 жастаМұнайшыларды арнайы жүк көліктері күтіп алып, Түбіжік деген жерге алып келеді. Жете салысымен жігіттер мұнараны орнатуға кіріседі де, жұмыс уақытынан тыс, кеш батқанда тұратын жертөле қазады. Оның үстіне күз мезгілі болатын. Мұнайшылар келе жатыр, оларға қоныс дайындап қоялық деп арнайы ұйымдастырып жатқан ешкім жоқ. Себебі әдетте бұрғылар ел тұрмайтын мекендерге қойылады. Ел түгілі Түбіжікте жусаған мал да көрінбейді. Жертөленің шатырын итарқа деп атайды. Жанақоныс иелері итарқаны қамыс тауып, сонымен жауыпты. Бұл детальдарға неге тоқталып отырмыз? Мұнай - маңдайға біткен бақ. Қазіргі таңда осы салада жүрген адамдардың тіршілігі жаман емес. Ал, дала кезіп, соны іздеген алғашқы мұнайшылардың тартқан тауқыметіне құрметпен қарап, оларға алғыс айтуды, ұлықтауды ұмытып кеткен жоқпыз ба? Ұлы жазушы Ф.М.Достаевскийдің «Ұлы үйлесім иесі» деген концепциясы бар емес пе? Демек, бұл әлем біз кейде түсініп, кейде ұға бермейтін ұлы үйлесім заңдылығына бағынатын болса, өзімізге дейінгілердің бейнетіне тағзым жасауды ұмыту-үйлесім заңдылығын бұзу болып саналады. Гармонияны сақтап қалу әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың бұлжымас парызы болуы керек. Себебі үйлесім бұзылған тұста мутация басталады. Ұлы даланың көшпелі халқы сол мутацияның болмауы үшін обал, сауап, кие ұғымдарын үлкен идеологияға айналдыра білген. Өткенге тағзым жасамай, бүгінімізде береке мен бүтіндік болмайтынын ұмытпауымыз керек. Ғазиз Әбдіразақұлы сынды қаһарман мұнайшылар желдің өтінде жүріп бізді бүгінгі бейбіт кезеңге жеткізді. Мұнараның ауыр жүктерін тасып, жертөледе жатып, қазған жерден қазына шықпай қажығанда олар ел мен жердің болашағын ойламады дейсіз бе? Алдымен армандау керек, сонда ғана арман орындалады дейміз. Демек біз бейнеткерлердің армандарының нәтижесіміз ғой. Олар қалтырап, қажыса да нәтижеге қарай адымдай берді. Еңбек адамдарында еркелік жоқ.
Сонымен, Маңғыстау түбегіндегі Түбіжік жеріне К-2 қондырғысы орнатылып, бұрғылау жұмысы басталады. Ғазиз Әбдіразақұлы бұрғышы ата-қонысына өз қолымен тұңғыш бұрғыны қадайды. Бұл да екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін мүмкіндік һәм бақ еді. Ал, бұрғыдан мұнай не газ атқақтағанда қандай сезімде болады? Оның ұшан-теңіз еңбегі қалай бағаланып жатыр? Мұнайшылар келгенге дейінгі Маңғыстау өлкесі қандай еді деген сыңайлы сауалдарға ардагердің өзінен жауап алмақпыз.
Айнұр ТӨЛЕУ