©
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ғимаратында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облысы бойынша филиалының қызметі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі» тақырыбында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі туралы ақпараттық-түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жеке меншік медициналық клиникалардың басшылары мен басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан басқосуды «Нұр Отан» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев ашып, жүргізіп отырды. Кездесуде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектубаев қор филиалында атқарылған жұмыстар мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі жайын баяндады. - Біздің басты мақсатымыз–міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі туралы тұрғындар арасында ақпаратық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және олардың өзекті сұрақтарына жауап беру, - деді Руслан Фаризунұлы. - 2017 жылдың 17-шілдесі күні «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облысы бойынша филиалы өз қызметін бастады. Осы бір жыл бойы филиал өз құзіретіне қатысты мәселелер бойынша облыстық денсаулық сақтау субъектілерінің жұмысын ұйымдастырды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында өңір бойынша 69 медициналық ұйым тіркелген. Оның 55-і тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қатысады. Олардың 31-і мемлекеттік медициналық ұйымдар болса, 24-і–жекеменшік клиникалар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімін жетілдіру шаралары туралы жаңа жоба жасақталды. Бұл құжат бойынша қажетті келісулер алынып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қолдау тапты. 2018 жылдың бірінші жартыжылына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша БАҚ арқылы 68 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 1236 адамның қатысуымен 103 кездесу өткізілді. Басқосуға қатысушылар Р.Бектубаевқа тақырыпқа қатысты қойған сұрақтарына жауап алды.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА