Мұнайлы ауданы, Басқұдық елді мекеніндегі «Мұхамбет» медициналық орталығына алғашқы МРТ құрылғысы орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық директорының айтуынша құрылғыны Қытайдан арнайы әкелген.
Ауданның алғашқы МРТ құрылғысын іске қосу шарасына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, аудан әкімінің орынбасары Сара Ноғайқызы, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов қатысты.
Орталыққа келген қонақтар құрал жабдық орналасқан бөлімшенің тұсауын кесіп, аппараттың қызметімен танысып шықты.
Салмағы 160 келі МРТ құралы тәулігіне 60 шақты науқасты контрастпен, контрассыз түсіруге қауқарлы.
Бұл аппарат:
- бас миы мен тамырларын;
- мойын жұмсақ тіндері мен тамырларын;
- омыртқа, мойын, төс, бел-омыртқа;
- ішкі құрылыс органдарын;
- МРТ сүйек скринингін;
- аяқ тамырларын;
- онкологиялық ауруларды түсіріп, диагностика қояды.
- Магнитті-резонансты томографияға кіріп шықтым, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Мұхамбет медициналық орталығына рақмет, - деді орталықтан қызмет алған Айтбай Қалмағанбетов.
Алдағы уақытта мұндай жұмыстар Мұнайлы ауданындағы денсаулық сақтау саласында қызмет сапасын арттыру мақсатында жалғаспақ.