Көршілес өңірдегі су тасқынына байланысты облысымызға көшірілгендерге «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг» университетінің жатақханасынан орын беріліп жатыр. Бұл жатақханаға қазір 175 адам орналасқан, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Университет еріктілері бұл жатақханаға көшірілген тұрғындарға 3 күннен бері көмек көрсетіп жатыр.
- Бұдан бөлек қала волонтерлары киіз үй тігіп, келген балаларға ойын алаңын жасап, тамақ жағынан қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр. Қаладағы мейрамханалар мен кафе иелері қолдау білдіріп жатыр, - деді Есенов университетінің қызметкері Әлібек Асқарұлы.
Бүгін осы жатақханаға қаламыздағы «Tongal-house» кафесінің иелері өз еркімен қолдау білдіріп, киіз үй тігіп берген. Бұл киіз үйде эвакуацияланған тұрғындарға үш мезгіл ас беріліп жатыр.
- Кеше 29 шағынаудан жігіттерінің бастамасымен алғашқы киіз үйімізді тіктік. Жатақханаға қоныстанған 175 адамның 78-і балалар. Қазір Ақтауға келіп босанған әйел адамның бөлмесін дайындап, күтіп отырмыз. Қалған бөлмелерге қолдан келгенше адамдарды орналастырамыз деп отырмыз. Келуші әйел адамдар «ішіміз пысады, өзіміз тамақ пісіреміз» деген соң, қазан-ошақтарын әкеліп бердік. Интернет желісін де орналастырып жатырмыз, - дейді «Біз спорт үшін есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының жетекшісі Роман Ескендірұлы.