© Архив
Жеке кәсіпкер Мөлдір Жомартбекқызының Ақтау қаласында 3 жеке дәріханасы бар. Ол көршілес өңірдегі су тасқынына байланысты Бейнеу ауданына эвакуацияланған тұрғындарға өз дәріханаларынан 704 мың теңгеге дәрі-дәрмектер жіберген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жеке кәсіпкердің сөзінше, алғашында Ақтау қаласының волонтерлары эвакуацияландарға қажетті дәрі-дәрмектердің тізімін жасап берген. Ол сол тізім бойынша қажетті дәрі-дәрмектерді Бейнеу ауданына жөнелткен.
- Дәрілердің дені аспирин, анальгин, асқазан ауруының, қан қысымын төмендететін, жөтелге қарсы және көзге тамызатын дәрілер. Дәрілер өз тарапымыздан бөлінді. Қиын-қыстау кезеңде халқымызға жәрдемдесіп, көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз, - деді жеке кәсіпкер Мөлдір Жомартбекқызы.
Маңғыстау облысындағы жеке кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Набат Жұмабекқызының айтуынша, өңіріміздің әр қала, аудандарындағы жеке кәсіпкерлер мүмкіндігі жеткенше жәрдемдесіп жатқанға ұқсайды.
- Бейнеу ауданының кәсіпкерлері дәрі-дәрмектерін тікелей Құлсары қаласына жөнелтіп жатыр. Ал Жаңаөзен, Ақтау қаласының, басқа да аудандардың кәсіпкерлері барынша жәрдем жасап, дәрі-дәрмектерін эвакуациялық пункттерге өткізіп жатыр. Қазір шағынауданда орналасқан «Арман жастар» орталығына әр кәсіпкер өзінің қолында бар дәрі-дәрмегін әкеліп, волонтерларға үлестіріп жатыр. Дәрілердің көбі жеке гигиеналық қажеттіліктер, қызу, қан қысымын түсіретін дәрілер, - деді МО жеке кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Набат Жұмабекқызы.