Бүгін әлеуметтік желіде ер адамның әйелді ұрған видеосы тарады. Оқиға Мұнайлы ауданының Маңғыстау селосында болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мұнайлы аудандық полиция бөліміне сілтеме жасап.
Видеода ер адам әйелді әуелі сол жақ кеуде тұсынан бір рет ұрып, артынша иығынан ұстап, күшпен итеріп, жерге құлатқанын көруге болады. Ол мұнымен тоқтамай, иығынан итеріп жіберген.
Мұнайлы ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторлары тексеру барысында оқиғаның кеше, 7 сәуір күні сағат 18.00 шамасында болғанын анықтаған.
26 жастағы азамат жанжал кезінде өзінің заңды некедегі 22 жастағы жолдасын Маңғыстау селосындағы 43-үйдің жанында ұрып-соққан.
- Бұл азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-2 бабының 1-1 бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мұнайлы аудандық сотына жолданды. Азамат Мұнайлы ауданы ПБ-нің “Қорғау нұсқама” профилактикалық есебіне 30 тәулікке бақылауға алынды, - делінген полиция хабарламасында.