©
Ата-баба рухына арнап ас беру - қазақ қауымында ертеден келе жатқан үрдіс. Ол, әсіресе, қазақ елі өз алдына дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін алып шыққалы бері қайта жаңғырылып, кеңінен қолға алынуда.
Әрине, ертеде, іргесін бүтіндей алмай жүрген жаугершілік замандарда көшіп-қонып жүретін қазақтың тұрмысында ел басын біріктіріп, ата-бабаларының рухына бағыштап құран оқыту, тілек-дұғалар арнап, садақа беру шариғат заңында әрбір мұсылман баласының парызы болып саналғанмен, оны орындау кез-келгеннің қолынан келе бермегенін жасыра алмаймыз.
Себебі, біріншіден, жағдайды тұрмыс билесе, екіншіден, мал-мүлкі көбейіп, қатарынан озған бай ағайындар осындай аталар салтын бәсекеге айналдырып жіберді. Ас болғасын жерде ол мереке, үлкен салтанат жағдайында ұйымдастырылып, бүкіл қазақ жұртына бір жыл бұрын сауын айтылып, белгілі дүлдүл ақындар айтыстары, жыршы-термешілер өнерлерінен сайыстар өткізу, аламан бәйгелер, ұлттық спорт ойындары - көкпар тарту, жамбы ату, қазақша күрес, тіпті мешкейлер жарысы дегендей өнерлерді ойлап табуға дейін барып жатты.
Осыдан кейін астамшылық етек алып, бүгінгі астан ертең мен оздыратын боламын дегендей, бәсеке-бәйге соңдары ағайын арасына жік салып, қайғылы жағдайлар, бәйге баланы орта жолда ұрып кету, алдыңғы орында келе жатқан тұлпарларды өлтіріп кету деген сияқты оғаш оқиғалар ектек ала бастаған кездер болды. Осыдан келіп кейбір мейманасы тасыған адамдар тұрмысы келіспейтіндердің ас-садақаларын менсінбеуге дейін барды. Ел арасында, ойпыр-ай, бәленшенің асында қонақтарға арналып бәлен киіз үй тігіліпті, бәлен саба қымыз келтіріліпті, ошақ басынан табаққа салынған еттерді әр үйге жеткізу үшін үстінен су төгілмейтін бәлен жорғамен ас тасуға ауыл жігіттері дайындалып қойылыпты деген сияқты дақпырттар астан бұрын ел аралап тарап кетіп жататын жағдайға дейін жеткен екен. Шын мәнісінде де, осындай болмасақ қазақ қазақ боламыз ба? Мақсат мақтанға ұласып кеткенде барып, Алланың алдында тәубеге келтірген қиын заман да өз зауалын алып келіпті ғой. Заманында «Қайыртпай кеткен Қашаған» атанған жыр дүлділі, суырып салма айтыскер ақын Қашаған атамыз өзінің «Топан» деп аталатын дастанында мейманасы тасып, астамшылыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайтынын, осы біздің батыс өңірімізде болған бір жойқын тасқынның оқиғасымен:
- Сорпаны төкті майменен,
сусыны қанып шайменен.
Қалаға келген билері,
арақ ішіп елірді.
Папиросы шегулі,
тиіссіз жерге дәулет төгулі.
Етпеді шүкір, қанағат,
тап болды сонда ғаламат...
Құтырынған бір құйын,
кетірді жаман ел күйін...
Ғаламат бұндай болған соң,
таңертең тұрып қараса,
кейбіреу жетім жас қалды,
талайлар мұзды жастанды.
Біреулер қалды атасыз,
біреулер қалды анасыз,
біреулер қалды баласыз,
біреулер қалды жалғыз қарасыз...
Талай кетті бозбала,
талай сұлу қызғалдақ.
Талайдың кетті әсемі,
таспағанға тасқанның,
бұ да тиген әсері...
Түн ортасы болғанда,
желдің түбі бұрылған,
бәлеге қашқан ұрынған...
Жұлдызды жатқа санасақ,
қисап етіп қарасақ,
«Мың асқанға – бір тосқан»,
бар емес пе еді бұрыннан, - деп шебер байланыстырып келтірген екен. Оның соңын ала келген октябрь революциясы, елдің ақ пен қызылға бөлінуінің соңы - кінәсіз халықтың қызыл қанға боялуы. Қолдан жасалған геноцид пен ашаршылық, конфискелеу, елдің болашақ ұрпағын аман алып қалуы үшін басқа мемлекеттердің аймағына үдере көшуі, көзі қарақты, сауатты ұлт азаматтарының халық жауы деген желеумен қуғын-сүргін қырғынына ұшырауы деген зұлматтардың бірінен соң бірінің қабат келуі ақырзаманның жақындап қалғанындай «мың асқанға – бір тосқан» жасағаны рас еді. Бәлкім, Құдыреттің қаһарына ұшырау дегеніміздің өзі осы шығар?..
«Бәсеке - байдың малын құртар, жарлылық - жаяудың таңын жыртар» деген осындайдан қалса керек.
Құдайға шүкір, қазіргі қазақ жастары діни сауатты бола бастады. Имандылық, сабырлылық, қанағатшылдық деген сияқты ислами қасиеттерді бойына жинап келеді. Бес парыз дегеніміздің не екенін біліп бастады. Адамшылық, адамгершілік, қайырымдылық қасиеттер бәсеке-бәйгеде емес екенін түсініп болды.
Сөйтіп, қазіргі тәуелсіздік тұсында беріле бастаған астардың мазмұны мен мақсаты да бұрынғыларға қарағанда басқаша рең алуда. Бұндағы басты мақсат уақыт өте келе ұлы держава иелерінің жымысқы саясатының кесірінен ел арасында халық жадынан өшірілуге айналған, кейінгі ұрпағының жарқын болашағы үшін жандарын шүберекке түйіп, аттың жалында, атанның қомында, «ата-мекен жер үшін, қабырғалы ел үшін» - деп, ат үстінде күрес салған қахарман бабаларымыздың ерен еңбектерін тарих қойнауынан аршып алуға арнала бастады.
Сондай астардың қатарында жақында Маңғыстау ауданының Досалы шағын елді мекенінде өткізілген ас-мерекені атап өтуге болады. Ол өз заманында халық батыры атанған, қазір бір төбенің басындағы үлкен қауымдықты «Досалы әулие» атағымен иемденіп жатқан XVIII ғасырдың аяғы мен XIX-ғасырда өмір сүрген Ер Қосай тегі Сейтімбет немересі Қошанұлы Досалы батырдың рухына арналған ас еді.
Досалы батыр өз замандастары атақты жетімек жары Сүйінқара және бәйімбет әтембек Жиенәлі батырлармен қоян-қолтық жүріп, орыс патшасының қазақтарды Еділ мен Жайықтан ары қуып, ата мекендерінен аластатуды көздеген кезеңдерде, тіпті қазақ хандықтарының өзін мойындамай, өз алдына дербес ұлттық қауымдастық құрып, қазақтармен бірге жаз айларында сонау Ақтөбе аймағының Темір өзеніне дейін, мына жағы Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, солтүстік батысы Жайық өзеніне дейін ен жайлап, суық түсе туған өңірі Маңғыстаудың қараойына құлап, көшіп-қонумен өмір сүріп келе жатқан Адай тайпасының ата қонысы саналатын Маңғыстау түбегіне көз алартып, Каспий теңізінің шығыс жағалауына ауыз сала бастаған орыстарға қарсы алғашақы қарулы күрес ұйымдастырушылар болды. Ол жөнінде халық арасында шындыққа бергісіз аңыз-әпсаналар да жеткілікті.
Олар негізінен жартылай әскери қаруланған балықшы-барлаушылардың желкенді кемелерін теңіздің бергі жағалауынан тосып алып, негізгі тобын қолға түсіріп, қарусыздандырады да, аудармашы-тілмаш пен кеме капитанын аман-есен кері қайтарып, Астархандағы жоғарғы басшыларына бұдан кейін басқа ел қоныстанып отырған Маңғыстау топырағына ат іздерін салмаулары, егер бұл талаптары орындалмайтын болса, орыстардың жазасы бұдан да қатайтылатыны туралы үзілді-кесілді ультиматум қояды. Бірақ орыс патшасының Астархандағы өктемсіген өкілдері біздің батырлардың талабына құлақ аспай, оларды теңіз қарақшылары деп танып, әскерилер саны мен олардың қару-жарақтарын көбейте бастайды. Сондықтан біздің батырларымыз да қарап жатпай, қосымша қол жинап, үш бөлек дербес қарулы топ жасақтайды. Теіңіздің жағасын 50-100 шақырымның жобасында бөліп алып, өз алдарына шеп құрып, күресуді ойластырады. Қолға түскен тұтқындарды қазіргі «Комсомольск» шығанағының маңында шеп құрып отырған Сүйінқара ауылына жеткізіп, сол жерден әйгілі «Жібек жолының» Шетпе маңындағы Қызыл қалаға қарай өтетін керуен жолында Хиуа хандығына құлдыққа сатып, өтеуіне саудагерлерден азық түлік, басқа да көпшілік-қолды тауарлар алып отырған. Осы керуен жолы арқылы арлы-берлі өтетін саудагерлерлерден қалдырылатын алым-салық түрі, «Сүйінқара сыбағасы» да, осы жерде қалдырылатын көрінеді.
Орыстарға қарсы шайқастарда үлкен ерліктер көрсеткен Досалы батырға олардың қарулы балықшы жасақтарының өзі «осы бір қарақшыға оқ дарымайды, суға батпайды, отқа жанбайды, қандай амал жасасаң да ажалдан аман қалып, ертесіне алдыңнан қасқайып шығады да тұрады» деп баға берген екен. Себебі ол өрен жүзгіш болыпты дейді, қаруластары соңынан ілесіп жеткенше бір өзі теңіз ішінде жүзіп барып, орыстардың палубада кездескенін палубада, трюмде кездескенін трюмде көз ілеспес жылдамдықпен ұрып жығып, байлап тастайтын дүлей күш иесі болыпты-мыс. Оны жарық барында жеке-дара кемеге жақындап жүзіп келе жатқан жерінде атып өлтірмекші болғандарында кеме капитаны атқыш мергеніне «әбден оқ жететін жерге жақындағанда мен өзім ат деп команда беремін, сол уақытта ататын бол, басқа амал қалмады, маған енді тірі қарақшының керегі жоқ» депті. Содан, кеме бортында қызықтап тұрған барлық командасымен бірге Досалыны әбден оқ жетер жерге жақындады-ау дегенде «ат» деп бұйрық береді. Атқышы атып келіп қалады, Досалы біразға дейін су астында көрінбей кеткенмен, «оқ тиген болды, енді бір жерден өлі денесі шығуы керек қой» деп кеме бортынан теңіз бетіне үңіліп тұрғандарында теңізге әбден жақын қалған жерден тірі Досалы шыға келгенінде, командир ат та атқа салып, ойбайласа керек. Атқыш тағы да атады. Не керек Досалы тағы да теңіз астына жоқ болып кетеді. Бұлар әне шығады, міне шығады деп біраз уақыт теңізге үңіліп тұрғанмен, Досалының не өлі денесі, не тірі денесі көрінбепті. Сөйтіп тұрғандарында, Досалы кеменің екінші жағынан дымын білдірмей өрмелеп келіп, асқан жылдамдықпен атқышты суға лақтырып, қалғандарын командирінен бастап бір-бірлеп ұрып жығып, асықпай қолдарын байлап, тағы да баяғы жазасын қолданып, бір орыс пен тілмашты кері қайтарады да, қалғандарын атуға бұйрық берген ата жауы, кеме командирінен бастап Хиуадағы құл базарына құлдыққа жөнелтеді.
«Батыр аңғал, ер көдек» дейтін қазақта мақал бар. Сол айтқандай, Досалы батыр да бір күні ойламаған жерден жау қолына түседі. Олар бұл жолы балық аулайтын аудың бір етегін кеменің екінші жағынан мықтап бекітіп, астына кесек темірлерден батыртқылар байлайды да, келесі етегін де әлгіндей зіл темірлермен жерге тигенінше батырып қойып, соңыра тартып алатын баулықтарын көзге көрсетпей кеменің тұмсығы мен құйрығына байлап қояды. Өздері жағаға жақындап келгенмен, ескекті қайықтарын пайдаланып, қайраңға шықпай қояды. Досалы да қасындағы жолдастарымен күн батып, қараңғы түсуін күтеді. Күткен уақыттары келген соң, ескекті қайықтарымен жақындап келіп, жәкір салады да, жолдастарын кідіртіп, жалғыз өзі жүзіп кетеді. Батыр әбден жақындап барып, кеме үстіне өрмелей бергенінде, орыстар жан-жақтан шулап, «ауппалап» басқаға түсініксіз бір бауларды жоғары тарта бастайды, Досалы да, оның біраз жерде кейінде қалып қойған жолдастары да сонда барып үлкен қателік жібергендерін біледі. Досалы қанша бұлқынғанмен, қолына ең болмағанда пышақ алып шықпағандықтан ауға балықша оратылады да, орыстар оны ау-мауымен кеме бортына бір лақтырады. Өздерінше құтқармақшы болып жақындап қалған батырдың жолдастары кеме жақтан тарсылдаған мылтық оқтары жаудырылғанда аллалап, құдайлап кейін қашады. Бұған дейін қолдарына тірілей түсіре алмай әбден ыза болғандары өз алдына, оның үстіне күні бүгінге дейін қайда кеткені, өлі-тірісі белгісіз жүздеген жолдастарының тағдырлары үшін қапаланған орыстар Досалыны ауға оратылған күйінде тепкіге салып, оқсатып сабайды, жан-дәрмен күйге әкелгеннен кейін барып, қорқасоқтап жүріп, қол аяғын байлайды. Дала қарақшыларына қарсы күшейтілген қарулы күзет қояды.
Содан кейін барып, тұтқынға теңіздің мұздай суын құйып, сөйлейтіндей жағдайға келтіріп, есін жыйғызып барып, тергеуге алады. Орыстардың бастығының сұрайтыны, әрине, тұтқынға алынған бұрынғы отандастарының тағдыры. Досалыға керегі уақытты созу. Сондықтан тілмашқа асықпай, барлығын егжей-тегжейімен дұрыстап аударуды тапсырады да, жауапты әрбіреуіне ұзақ-ұзақтан тоқталып, өзінің ойынан шығарғанын аңыз қылып айта бастайды. Әуелі тұтқындар құл ретінде пайдаланылатынын айтады. Олар әр ауылда мал бағып, басқа да құлшылық жұмыстарға салынып қойылғанын жеткізеді. Соңғы тұтқындалғандар, өзінің үйінің маңынан қазылған зындандарда қарауылданады екен. Қарауыл бастығы етіп, ең әуелі ұсталғанда оны қазақша балағаттап, өзінің 4-5 тілде сөйлей беретін балық жөніндегі ғалым екенін қазақша түсіндіріп, атым Андрей деп таныстырған орысты қойғанын айтады. Өкінішке орай, ол тілін кесіп алғандықтан, енді сөйлемейтін болыпты, оның үстіне қалам ұстап жазу жазбау үшін екі қолының алғашқы үш-үш саусақтарын да кесіп тастапты. Тұтқындағыларға тамақты екі қолындағы екі-екіден аман қалған саусақтарымен үлестіріп беруді үйреніп алған көрінеді. Ал, негізінен пайдаға жарайтын, қара күшке мол, қайраттыларын Хиуа базарына қымбат бағаға құлдыққа сатуға жөнелтіп отыратынын да жасырмай айтады.
Не керек, ең соңында бұдан ары қарай мынадай сұмдықтарды тыңдай беруге шыдамы жетпеген кеме басшысы Досалыны үстіне керосин шашып, қол-аяғы байлаулы күйінде өртеп жіберуге бұйрық береді. Өзі бастап әбден батырдың денесі ғана емес, кеме өртене бастағанша бақылап тұрады да, трюмге лақтыртып барып, барлығы екінші кемеге ауысып отырып, «мына қарақшыдан да ақыры құтылып, көзіміз ашылатын болды-ау» деп, уфілеп жүріп кетіпті дейді. Құдыреті күшті Алланың жәрдемі болды ма, жандәрмен құтқаруға жеткен жолдастарының көмегі тиді ме, әлде өзінің дүлей қайрат-күшінің арқасы ма, әлде, аяқ-қолын байлап тастаған жібек жіп тез өртенді ме, әйтеуір, не керек, батыр бабамыз бұл ажал құрсауынан да адам сенгісіздей дәрежеде аман қалып, лаулап жана бастаған денесін теңіз суына секіріп өзі сөндіріп алған екен делінеді.
Орыстар бұдан кейінгі кезекті жорығында өздерін емін-еркіндеу сезініп келгендерінде, бет-жүзін өрт шарпып, бұрынғысынан да қаһарлы көрінген Досалы батыр алдарынан алшаң басып шыға келгенінде жағаларын ұстап тұрып, айтқан әңгімелері болса керек, «бұ қарақшыға оқ дарымайды, ол суға батпайды, отқа күймейді» деп. Бұл менің ойдан шығарғаным емес. Бұл ғасырдан ғасырға ауызша жеткізіліп келе жатқан, маған дейін, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, Кеңес Одағы ыдырап, өз алдымызға тәуелсіз мемлекет болған шағымыздың алғашқы жылдарында қағаз бетін көрген шындыққа бергісіз аңыз сарыны еді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құм көшкініне тосқауыл бар ма?Ас өткен күннен кейінгі қатысушылардың ойларынан үзінді:
- Ас несімен есте қалды? Әтеген-айлар болды ма? Ата дәстүр, салт-ғұрыптарымыздың болашағында Сізді не толғандырады?
- Мен Құдайдың құдіретіне, ата-бабалардың рухының қорғай алатынына толық көз жеткіздім. 44-45 градустан түспей тұрған ауа-райы қолмен қойғандай, асқа дайындық күні мен ас өткізілген күні 27-28 градусқа дейін салқындап, бірден 17-18 градусқа төмен түсуі біздің тарихта болмаған құбылыс. Таң қаларлық әлемдік құбылыс деуге болады.
- Мені ас мәзірінің ұлттық колоритпен дайындалғандығы таң қалдырды. Бұнда қазағымның бауырсағымен бірге, шұбат та, қымыз да, балқаймақ пен ірімшік, құрт та, брензі де дастархан басында мен мұндалап тұрды. Несін айтайын, нағыз бағылан қозының еті мен өзбектің сәбіз қосылған палауынан кейін, қазағымның қымызымен тоғымды басқаным есімде ұзақ қалатын шығар...
- Мен үшін ең маңызды болғаны ұлттық спорт түрлері - ат бәйгелері мен түйе палуанды анықтауға арналған қазақша күрес. Бәрін де бірінен кейін бірін тамашалауға мүмкіндік берілгендіктен халықтың бәрі көрді. Қазақша күрес жарысын, асқа арналып тігілген ағаш үйлерімізде шай ішіп отырып көруімізге жағдай жасалып қойылған, әркім ішінен тынып отырғаны сондай, көк кілемнің үстіндегі шаршы топта өнер көрсетіп жүрген спортшылардың бір-біріне шартта шұрт шот салып жатырған дыбыстарына дейін естіліп тұрды десем, өтірік емес. Оған дүниенің бір сәтке тына қалып, аспаннан сылбырай шаңбыр тамшыларының төгілген сыбдыры мен қолқаңды жарған озон иісі жұртшылықты еріксіз күрес алаңына шақырғандай әсерде қалдырды. Бұл құбылыста да адам түсінбейтіндей бір ерекшелік болды. Жұрт шырқырай бастаған шілдеде емес, мамыражайлықпен жаңа-жаңа басталған көктемнің әсем күндерінің біріндегі мерекелерде тойлап жүргендей әсерде қалды.
- Бәрінен де бұрын мені қатты ойландырғаны жоғары деңгейде ұйымдастырылған аста-төк дастархан да, ұлттық спорт ойындары да емес, одан да терең мәні мен маңызы қатты ойластырылған жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің ұрығын себуге арналған түпкі мақсатында болды деген қорытынды түйіп кетіп бара жатырмын.
Оған осы ас ұйымдастырылған шағын елді мекенге тәуелсіздік кезеңінде «ұмыт» қалған Досалы ата атауының қайта жаңғыртылып, көрсеткіш тақта орналатылуы кезінде және Досалы ата қауымдығының басында облыс бас имамының атаға және басқа да осы қауымдастықта мәңгілікке тыныстаған өлі әруақтар рухына бағыштап оқыған Құран сүрелерінен кейін, астың ұйымдастырушылары атынан жасалған кіріспе сөз бен кейінгі азаматтардың тілек-баталарында туған жер мен туған ел ұғымдарының ажырамас бірлігі мен киелілігі түйсігі бар адам баласына жүрек толқытарлықтай Әнұран, жастарымызды ұлтарақтай жеріміз үшін қасық қанын құрбан еткен батыр бабаларымыздай, қажет болған кезінде, жанымызды да аямай күресуге дайын тұруға шақырған Ұран оттай саңқылдаған шешендер үні қатты толқытып, сол әсермен елге аттанып бара жатырмын...
Мен өзім осы ой-түйіндердің қай-қайсысына да қосыламын. Әркім өз ойының, өз қабылет-қарымының қожасы ғой. Олай болса, оған сенікі дұрыс емес деп баға беру Алла алдында күпірлік болып саналады. Күпірлік өз кезегінде күнә, күнә өз кезегінде пендені тозаққа алып баратын тура жол. Ендеше, игі мұсылман бауырлардың барар жерінің жаннат төрі болуын көздейтін біз сияқты тілеулестер қазақ баласына жақсылықтан басқа ойламайтыны қашан да белгілі.
Сондықтан да туған жер, туған ел деп толқығанда қасиетті топырақ - ұшқан құстың қанаты талатын ұшы-қиырсыз жазира даламыздың топырағы, осындай қахарман бабаларымыздың төгілген қандарымен, қабақтарының сұсымен, найзаларының ұшымен, білектерінің күшімен келген киелі топырақ жадымызға бірінші оралғаны ақиқат.
Сондықтан да біздер оның бір шөкімі ғана емес, бір түйіршігін де желге ұшырып, жау табанының астында қалдырмай, көзіміздің қарашығындай сақтауға міндетті екеніміз, біздің қандарымыз ата-бабаларымыздың қанынан қымбат емес екенін түйсініп, қажет болса, жанымызды да құрбан етуге əзір болуға тиіс екеніміз шаршы топ ортасына тасталғанын жасырмаймыз.
Кім үшін? Əрине, алтын бесік туған жеріміз үшін! Қабырғалы қалың еліміздің амандығы үшін! Ордалы Отанымыздың тұтастығы мен мəңгілігі үшін!
Осы жолда, ат үстінде қамшысының сабына сүйеніп көз шырымын алудан басқаға мұрсасы болмаған қахарман ата-бабаларымыздың ешқашан да ұмытылып қалмауы үшін!
Бізде басқаша таңдау болуы мүмкін бе, әрине жоқ! Ендеше, қайда жүрсек те, қай ортада болсақ та, əуелі бір Алланың жалқы екендігін, екіншіден, жоғарыда айтылған ұстанымымызды жалықпай қайталай беруіміздің қажеттігі дау тудырмайтын ақиқат екендігі өзінен өзі түсінікті болуға тиіс.
М.МҰРАТБАЙҰЛЫ «Халық батыры Ер Қосай Құдайкеұлы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған