©
Әлемдік нарықтағы мұнай дағдарысымен қатар еңбек күшінің тым артықтығы, бейінді емес және рентабельді емес қызмет түрлері әсерінен мұнайсервис компанияларының шығындары соңғы жылдары өсе түскен. Ал қаржылық дотация бұл мәселелерді шешпейтіні анық. Осыған байланысты кешенді шаралар қабылдау қажеттілігі туындады.
"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ «5/50» бағдарламасына дейін 4 жыл қатарынан дағдарысқа қарсы түрлі шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, мұнайсервис компанияларында күрделі қаржы жұмсалымы бойынша шығындар оңтайландырылды, өндірістік-әкімшілік шығындар қысқартылды, жаңа персоналдарға мораторий енгізіліп, қосымша жұмыс көлемі қарастырылды. Ұлттық компания тарапынан соңғы 4 жылда шығынды компанияларға 120 млрд. теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек алдағы уақыттатағы 160 млрд. теңге қажет етіледі. Дегенмен жағдайдың бұлай жалғаса беруі мүмкін еместігі де анық. Осыған байланысты 2017 жылдың сәуір айында «5/50» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама бойынша кез келген қызметкер 5 жылдық жалақысының 50 % қаржысына алуына болады. Бұл – орта есеппен 7 – 9 млн. теңге.
Бұл бағдарламаны таңдаған жұмыскерлер қомақты қаражат алып, баспаналы болып жатқандары да бар, сондай-ақ банк алдындағы берешектерін жабуына, жаңа жұмыс бастауына, кәсіптерін жүргізіп кетуіне көп мүмкіндіктер бар. Ал бейінді мамандығы жоқ жұмысшы бағдарламаға қатысқысы келмесе, бейінді мамандыққа кайта оқытылып, сол компанияда еңбек ете береді. Сонымен қатар «5/50» бағдарламасына қатысып, екі жарым жылдық жалақысын алып, жағдайын жасап алғандардың өздерін де компания жұмыссыз қалдырып жатқан жоқ. Мекеме ол қызметкерлерді мердігерлік компанияларға бұрынғы мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Швейцария Маңғыстаудың логистика саласына инвестиция салмақБағдарламаны тиімді жүзеге асырған компаниялардың бірі – «OilConstructionCompany» мекемесі. Мекеме бас директорының орынбасары Нұржан Қалдыбатырдың айтуынша, бұл бағдарлама жұмысшыларға күштеп ұсынылмайды, яғни әркімнің өз ерік-қалауымен орындалады.
«Біздің мекемеде 2016 жылы 6,4 млрд. теңге шығын кетсе, 2015 жылы шығын 7,8 млрд. теңгені құрады. 2014 жылы 2,5 млрд. теңге шығын келді. Бұл шығындардың барлығын жабу үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан қаржылық көмек көрсетіліп отырды. 2014, 2016 ж.ж. 14,4 млрд. теңге қаражат бөлінсе, 2017–2021 ж.ж. тағы 33 млрд. теңге қаражат қажет. Былайша айтқанда ешқандай шара қолданбаған жағдайда компания құрдымға кетеді», – дейді Нұржан Қалдыбатыр.
Нұржан Қалдыбатырдың айтуынша, бағдарламаның қос тарапқа да тиімді тұстары жетерлік. Бұл ретте жұмысшының әлеуметтік жағдайы қатар назарға алынған. Мәселен, денсаулығына байланысты емделуді, ота жасатуды қажет ететін жұмыскерлер үшін бағдарламаның тигізер көмегі мол. Сондай-ақ несие қарыздарынан құтыла алмай жүргендер де аз емес. Бұдан бөлек, басқа өңірлерден келіп жұмыс істеп жатқан азаматтар да бар. «Алматыдан, Шымкенттен, Ақтөбеден келетін жұмысшыларға жол қиындығы кездеседі, кей кезде билетте табылмайтын сәттер болады. Осы бағдарламамен қаражатымызды алсақ, мойнымыздағы несиелерді, үй алу мәселелерін шешер едік дегендер де бар. Қазір осы арқылы үйін алып жатқан азаматтар бар. Келіп жағдайларын айтып, осы бағдарламамен кетсем, көмектессеңіздер деп сұрап тұрады. Оқыңыздар, қалыңыздар, профильдік қызметке ауысыңыздар деп айтамыз. Бұдан бөлек зейнет жасына 5 жыл қалған қызметкерлерге арналған бағдарлама да бар. Ол азаматтар да денсаулығына қатысты өз таңдауларын жасап жатады», – дейді Нұржан Қалдыбатыр.
Жайық НАҒЫМАШ