©
Мұнай нарығындағы дағдарыстар мен баға ауытқушылығынан мұнай сервистік компанияларының табыс көлемінен шығындары артты. Бұдан өзге де ықпал етуші факторларды ескере қабылданған «5/50» бағдарламасы мұнай сервис компанияларын таратуды көздемейді. Бұл ретте компаниялар тек қана «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ тарапынан түсетін тапсырыстарға иек артпауы тиіс, ол үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігі туады.
Компаниялармен еңбек келісімшартын тоқтатқан жұмыскерлер бұл бағдарлама арқылы жеке кәсіпкерлікке бет бұруға немесе мердігер компанияларда жұмысын жалғастыруына болады. Әрине, мердігер компаниядағы немесе кәсіпкерліктегі табыс көлемінің өзгерістерге ұшырауы әбден мүмкін. Алайда мұнай сервис компаниялары ұзақ уақыт дотациямен жұмыс жүргізуі тағы да мүмкін емес. Бұл тіптен компанияны банкротқа ұшырауға соқтыруы ықтимал. Ал «ҚазМұнайГаз» дотациясы сомасына аймақта жүз деген инфрақұрылым жобасына қаржы құюға мүмкіндік туар еді. Мәселен, 124 млрд. теңгеге орта есеппен әрқайсысы 1500 орындық 80 мектеп, 300 орындық 200 балабақша салуға болады.
«Oil Construction Company» ЖШС жоғарыда аталған келеңсіздіктерден шығу үшін кешенді шараларды жүзеге асырды. «5/50» бағдарламасы да осы мекемеде жүзеге асты. 2018 жылдың 1-тоқсанында компания 723 млн. теңге табыс түсірді. Айта кетер жайт, «5/50» бағдарламасы – ерікті түрде жүргізілетін жоба. Бұл ретте жұмыскерге 5 жылдық жала қысының тең жартысы және және мердігер компаниялардан жұмыс ұсынылады. Сонымен қатар бағдарлама арқылы алған қомақты қаражатқа өз кәсібін дөңгелетемін десе де ерікті.
Фазылбек САЛМАНОВ:«Жеке кәсібімді маусым айында бастадым. Жалпы табыс жаман емес, түсіп тұр. Мұнай саласында жұмыс жасағаннан кейін кәсіпкерлік саласын да көргім келді. Елбасы өз жолдауында айтқандай, жеке кәсібімді ашқым келді. Ешқандай өкінішім жоқ. Кәсібімді аштым, халыққа қызмет көрсетіп жүрмін».
Кәсіпкерлікке бет бұрғанның қатарында Адайбек Кенжалиев те бар. «Oil Construction Company» ЖШС-да 17 жыл кран автокөлігін жүргізген. «5/50» бағдарламасы арқылы берілген қаржысына 25 тонналық кран автокөлігін сатып алып, сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырды.
Адайбек КЕНЖАЛИЕВ:«Бәрі жақсы ғой. Әркімнің өзіне байланысты. Мысалы менің өзіме кран жүргізген ыңғайлы. Сол үшін осы кранмен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Жұмыс көлемі әртүрлі».
Ал Арыстан Әлібеков мұнай сервис саласында 20 жыл токарь болып жұмыс істеген. Оның ойынша, мұнайға қарап отырмай өзге салаларға да көңіл бөлу керек. Себебі заман ағымы экономиканы әртараптандыруды талап етті. Яғни шикізатқа тәуелділіктен арылатын уақыт жетті. Бұған мүмкіндік зор деп санайды ол. Арыстан «5/50» бағдарламасына арқылы берілген өтемақысына арнайы техника мен ірі қара мал сатып алып, мал сою цехын ашқан. Қазір 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Арыстан ӘЛІБЕКОВ:«Мал шаруашылығына атсалысып, өзімнің шаруашылығымды жүргіздім. Оралдан мал әкелеміз. Осы жерде семіртіп, сойып, ет сату орындарына өткізіп отырамыз. Әкіміміз Ералы Тоғжановтың да қолдауы бар. Өмір бойы мұнайға тәуелді болып қалмай мал шаруашылығын дамыту керек деген стратегияны қолдаймын. Өзімнің үлесімді қосқым келеді. Үкімет жағынан қолдау көрсеткені бізге көп көмек болды».
Айта кетсек, Маңғыстауда Арыстан сынды кәсіппен айналысамын деушілерге мүмкіндік жетерлік. Тіпті бұл бағытта «Нұр капитал» арнайы жобасы жасақталған. Бағдарлама – кәсіп ашып, ісін бастаймын деген адамға таптырмас мүмкіндік. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында субсидияланатын болады. Қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі – 11%, оның 10%-ы субсидияланады. Кәсіпкер тек қалған 1%-ын төлейді. Сонымен қатар егер қарыз алушының кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, оған «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдемесі беріледі.
Ноян ЖОЯМЕРГЕН