©
Маңғыстаулық белсенді жастар Мұнайлы ауданының Баянды ауылында тұратын 80 жастағы қарияға үй салып берді. «Ақтаудың қайырымды жандары» деп аталған еріктілер тобының бастамасына жүздеген жас белсенді атсалысқан. Бірі табиғат әсеріне төзімді үй шатырын әкеп берсе, енді бірі кірпішін қалауға жәрдемдесті.
Сатыбалды Алаев қабырғасы сөгіліп, қирағалы тұрған ескі үйін осыдан 50 жыл бұрын өзі тұрғызған екен. Соңғы жылдары іргетасы қаусап, тозығы жеткен шатырынан бөлме ішіне лай су аға бастаған.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, қиын жағдайды термиттер мүлдем ушықтырып жіберді. Қаптаған сары құмырсқалар еден мен қабырғаны тесіп, жеп тастапты. Ал үйді жаңартуға жасы 80-нен асқан қарияның шамасы қайдан келсін. Үміт артып отырған жалғыз ұлының денсаулығы тағы жоқ, еңбекке жарамсыз.
Еріктілер тобының белсенді мүшесі Алсұлу Өтешқалиеваның айтуынша, жомарт жүрек жастар осыған дейін де таныс атайға азық-түлік, киім-кешек әкеп көмектесіп тұратын болған.
«Алғаш осы үйге келген кезде осы атаның аянышты жағдайын көріп, барлығымыз бірауыздан осындай үй салып берейік деген шешімге келдік. Осы шешімімізді халқымыз қолдап, барлығы үй жабдықтарымен көмектесіп, екі айда осындай үй са- лып бердік», – дейді жігерлі жас.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзенде алғаш рет киберспорттан жарыс өттіЕріктілер тобының бұл бастамасын өңірдің ерікті жастары лезде іліп әкетті. Биылғы жылдың мамыр айында басталған құрылысқа жүзге жуық адам атсалысқан. Кәсіпкер жастардан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін қол ұшын берді. Бірі тасын түсіріп, енді бірі шатырын әкеп берсе, тағы бірі үйді көтеріп, ішкі-сыртқы қабырғасын сылаған.
«Қайырымды жандарға көпкөп рахмет! Барлығы жақсы, үйім осы заманға лайық үлгідегі жоспармен салынды. Үлкенге қол ұшын беруге дайын балаларға алғысым шексіз», – дейді зейнеткер Сатыбалды Алаев.
Өз хабаршымыз