©
Әлеуметтік желілерде жартылай жалаңаш күйінде екі бойжеткеннің көлік жуғаны түсірілген видео тарап кетті. Кейін белгілі болғандай бұл бойжеткендер жарнамаға түсіпті. Видео 18 шілде күні Ақтауда түсірілген екен.
Әп сәтте видео бүкіл Ақтауға тарап үлгеріп, оған қатысты әртүрлі пікірлер жариялана бастады. Халықтың бір бөлігі қыздардың бұл «қылығын» арсыздыққа баласа, енді бір бөлігі мұндай жарнамаға таң қалудың қажеті жоқтығын жазып жатты.
Кейбір оқырман «Мынау не масқара, осындай шайтандарды жазалау керек, штраф салу керек, неге осындайға жол береді осы», «Не масқара мынау 22 шағын аудандағы Саммой көлік жуатын жер ғой, енді бармаспын ол жерге», - деп ашуланса, енді бірі «Клиент тартудың бірден-бір жолы. Осыларды құртпасақ басқалары бәсекеге түседі»,- деп қауіптің алдын қазірден алу қажеттігін ескертті. Арасында «Қап, бекер машинамды саттым» деп әзіл-шыны араласа пікір білдіргендері де болды.
Ақтаулық Арсен Дәулетов қыздардың жартылай жалаңаш көлік жуып тұрғаны тек жарнама кадрлары ғана екенін айтады.
«Маған жарнамаға тапсырыс келді, мен оны түсірдім. Басқа ештеңе емес. Мен жарнама жасаумен айналысамын», - деп ол пікірлерге жауап қатты.
Біз халық арасында дау тудырған видеоның заңға қаншалықты қайшы екенін білу үшін, құзырлы органға хабарластық.
Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, аталған бейнеролик бойынша тексеру жұмыстары жүргізілген.
«Жауаптары алынды. Оларға қатысты ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды», - деп мәлімдеді МО ІІД баспасөз қызметі.
Бұл бап ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттерге жауапкершілікті көздейді. Заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзушыға 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады, не 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алынады. Егер қайталанған жағдайда 15 тәулікке қамалады.
Сонымен, бейнероликке қатысушы екі бойжеткенге 5 АЕК (12025 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Атап өтерлігі, видеороликті түсіруші топ пен көлік жуу станциясының иесіне ешқандай шара қолданылмаған.
Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас видео бұған дейін Чоко Травелдің жарнамасында болған еді. Сол кезде желі қолданушылары "бойжеткендерге адам ретінде қарамай, заттандырды" деп жарнама иелерін сынға алған еді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Скриншот видеодан алынды