©
Өзен мұнайын ашушылардың бірі, Сауысқан суын Өзенге жеткізуші Меруасия Қашаубаев (1921-1970) Өткен ғасырдың орта тұсында Маңғыстауға алғаш ат басын бұрған барлаушылар қатарында жергілікті маман мұнайшылар да болды. Солардың бірі, марқұм Меруасия Қашаубаев болатын.
Жыңғылды аймағына белгілі шебер, ұста Қашаубай Жәлекеұлының отбасында туып, өскен Меруасия ата-анасынан жастай жетім қалып, Қаңғадағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Нағашысы белгілі тілмаш, Адай уездік сотының тұңғыш төрағасы, қоғамға қызмет еткен Жүндібай Маймақов. Маңғыстау түбегіндегі кеңестік үкіметті орнатуға атсалысқан қайраткер. Мұсылмандар кеңесінің мүшесі, «Адай уездік еңбекші интеллигенттер одағын» құрушылардың бірі, осы ұйымның төрағасы. Ж.Маймақов Кетікте 1979 жылы туған. 2 сыныптық орысша-қазақша мектепті бітірген. 1930 жылы сталиндік зұлмат құрбаны ретінде «Тобанияздың серіктері» құрамында атылған. Жетіжылдықты бітіргесін әскер қатарына шақырылады.
Әскерді бітірген шағына Ұлы Отан соғысы тап келіп, ауылға келместен тіке майдан даласына аттанып, Бірінші Белорусь фронтына түскен жиырма жасар жігіт қанды соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, бірнеше жарақат алып, ауылға 1946 жылы әзер жетеді. Ауылға келгесін «Жас келсе іске дегендей» ауылдық кеңестің хатшылық қызметіне араласып, колхоздың қоғамдық жұмысына белсене атсалысады. Білім алып, мамандық иесі болуды көздеген жас ауылда бір жылдай еңбек еткесін Гурьевке жол тартады. Бұл мұнай барлаушылардың бүкіл Жылойды шарлап, Ембі мұнайының тұс-тұстан ашылып жатқан кезі еді. Мекең де Гурьевтен моторшылар курсын бітіріп, осы мұнай барлаушылар қатарына қосылады.
1948 жылдан бастап «Казнефтеразведка» бұрғылау тресінде мотор оңдаушы, слесарь т.б. мамандық бойынша жұмысшы, разведкада Дүйсен Үсенов, учаске бастығы Зейнолла Ысқақовтардың қарауында Жылойдың - Құлсары, Қосшағыл, Мұнайлы, Төңірекшың алаңдарында мұнай барлауында жұмыс істейді. Сол Құлсары өндірісінде 1958 жылдың 3 наурызына дейін Төңірекшың кәсіпорнында істейді. 4 наурыздан бастап, Маташев басқаратын аталған мекемеден «Мангышлакгазонефтеразведка» құрамына екі жақтың келісімімен № 48 бұйрық бойынша ауысып, Маңғыстау түбегі - атамекенге қайтып оралады.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Кеңес үкіметі Маңғыстаудың үлкен мұнайын барлау жұмыстарына қызу кірісті. Түбекке барлаушылар десанты көкпен де, жермен де, сумен де ағылып келе бастады. Маңғыстауға үлкен көш болып келген барлаушылардың кезекті легінің қатарында Мекеңнің де отбасы бар еді. Жылойда жүргенде маңғыстаулық Абыл мергеннің қызына үйленіп, қайынжұртымен бірге барлау өндірісінде жүр еді. Тағдырдың жазуымен Меруасия да замандастарымен бірге Маңғыстау мұнайын игеруге атсалысты.
1958 жылдан Маңғыстау мұнай-барлау экспедициясында моторист-механик қызметін атқарды. Әуелі Ақшымырау, Қызан, Түбіжік барлау жұмыстарына араласып, терең бұрғылауда жұмыс істейді. Алпысыншы жылдардың басында Оңтүстік Маңғыстау алаңдарын барлау басталғанда Өзенмұнайбарлау жұмыстарының қарқыны күшті болды. 1961 жылдың 17 желтоқсанында № 1 скважинадан 1248-61 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атты. Өзен мұнайын алғаш ашқан осы бұрғылау тобының құрамында Меруасия Қашаубаев та бар еді.
«Өзенмұнай» мекемесінің 50 жылдық, Қызылсай (Ескі Өзен) мұнайшылар поселкесінің 55 жылдық мерейлі тойы қарсаңында Өзен мұнай бұрқағына куә болған бұл Михаил Кулебякин басқарған бригада мүшелерінің аты № 1 скважина басындағы ескерткіш тақтаға және Қызылсай ауылына кіреберістегі мұнайшылар монументіне қашалып жазылды.
60-жылдардың басында жергілікті кадрларды даярлау, жастарды мұнай саласына тарту ісі қолға алынғаны белгілі. Сол жылдарда Гурьевтегі мұнай техникумының жанынан мамандықты жоғарылату мақсатында курстар ұйымдастырылатын. Өзеннен, Жетібайдан талай мұнайшылар осы оқуға тартылады. Мекең де моторшы-механик мамандығы бойынша жоғарылату курсынан өтіп келеді.
Мұнайы шығып, ел қоныстана бастаған жаңа қаланың ең өзекті мәселесі ауызсу болды. Сол кезде (1964 жылы) Өзеннің іргетасын қалаушы басшылар Рахмет Өтесінов пен Орынбай Бердіғожиндердің шақыруымен өз ісінің білгір маманы ретінде Меруасия Қашаубаев мұнайшылар қаласына Сауысқан суын тарту жұмысына шақырылады. Су сорғыш қондырғыны құру, су айдау кешенін іске қосу жұмыстарының басы-қасында болып, Сауысқан су орнының алғашқы басшысы, әрі тұрғыны болады. Жалғыз үй болып көшіп барып, суқондырғы сорғыш моторын өз қолымен орнатады. Су шығарып тұрған пункттің су айдау жұмысына жауапты Мекең, көмекшісі Сергей Зайцев есімді дизелші жігіт болды. Жұмыс аусыммен жүретін болғандықтан Меруасия Сауысқанға жергілікті Жәуміт Сарин, Оңғал Шарауов т.б. адамдарды шақырып, ауызсудың қалаға тоқтаусыз жеткізілуін қадағалайды. Ол туралы «Прикаспийская коммуна» (№69.4 июня, 1965 года) газетінде Юрий. Татаринов: «За пятьевой водой люди пришли в пески Саускана. И здесь коллектив Мангышлакской гидрогеологической экспедиций открыл самое большое подземное озеро воды, пробурил несколько скважин, один из которых сейчас эксплуатируется. Насосом вода подается на сборный пункт.
Сборный пункт состоит пока из двух резервуаров и жилого дома. Дом заселен эксплуатационниками. Пока, что главная по должности фигура - механик М.Кашаубаев, а по важности-дизелист Сергей Зайцев. Дело в том, что строительство сборного пункта полностью не завершено многое еще не готово: поэтому воду качает агрегат АЗИНМАШ-32. По графику закачка идет 12 часов и все это время бессменно дежурит на агрегате дизелист Сергей Зайцев. Кашаубаев и Зайцев поселились на Саускане, видимо, надолго. Система сборо не закончена. Но М.Кашаубаев рассказал о ней:
- У скважин будут автоматы. Они сами будут регулировать напор воды, В этом же зданий устанавливаются мощные насосы для перекачки воды из резервуаров в трубопровод. Коллектив наш вырастет. Сегодня приехали хорошие гости. Надеюсь, в дальнейшем от них отбоя не будет» ... деп жазды.
Ауыз су қалаға жеткізілгесін Өзенге қайта көшіп келеді. Содан өмірінің аяғына дейін «Өзенбұрғылау» мекемесінде механик болып жұмыс істеді.
Зайыбы марқұм Риал Абылқызы Құлсарыда Мұнайлы топографтық бұрғылауда жұмыс істеген. 7 бала өсіріп, тәрбиелегені үшін «Алтын алқа» иегері атанып, 93 жыл ғұмыр кешіп дүние салды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ