Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Білім мазмұнын жаңарту: жас педагогтардың озық идеялары» тақырыбында облыстық форум өтті. Жаңартылған білім беру бағдарламасына танымдық және шығармашылық қызығушылық қалыптастыру, іске асырудың жолдарын талқылау, жас мұғалімдердің жеке шығармашылығы мен бастамаларын дамыту және қолдау, олардың сабақ берудегі педагогикалық білім-білік дағдыларын жетілдіру және бір-бірімен тәжірибе алмасуына, шығармашылық қабілеттерін көрсетуіне, әдістемелік көмек алуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отырған шараға облыстың білім ұйымдарының жас педагогтары, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарының қызметкерлері қатысты. Форумның басында көрсетілген бейнетаспада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымы болып табылатын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы филиалы – Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру мекемесінің негізгі мақсаты өлке ұстаздарының үздіксіз кәсіби тұрғыда дамуын және кәсіби деңгейінің сапалы өсуін қамтамасыз ету екендігі айтылды. Институттың құрылымында инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасы мен курстан кейінгі қолдау және инновацияларды енгізу зертханасы, білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасы, сонымен қатар бірнеше бөлімдер кіретіні, институттың оқытушы-профессорлық құрамында 2 ғылым докторы және 6 ғылым кандидаты және 7 магистр жұмыс істейтіні де сол бейнетаспа мәліметінен белгілі болды. Институт 2019 жылы білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша 1 965 педагогты қамтыған 69 курс өткізген. Мемлекет тапсырысы бойынша 17 қысқа мерзімді курс ұйымдастырылып, 398 педагог өз біліктілігін арттырды. Жолдауда қарастырылған өзекті мәселелер бойынша да біліктілікті арттырудың жаңа авторлық проблемалық білім беру бағдарламалары жүзеге асырылды. Оқушылардың қабілеттілігін анықтап, жеке кәсіби бағдар беру, дарынды балаларды анықтау және қолдау, түрлі пәндер бойынша олимпиадалық есептер шығару тәсілдері, шығармашылық зерттеу жобаларына баулу, қосымша білім беру жағдайында шығармашылық қабілетті дамыту, дене шынықтыру мәдениетін өркендету, инклюзивті орта құру, жасөспірімдер арасында суицид мәселелері бойынша психологиялық жұмыс, мектеп пен отбасы ынтымақтастығы, ұлттық құндылықтар негізіндегі отбасы тәрбиесі, жаңа технологияларды қолдану, өлке педагогтарына жүйелі әдістемелік қолдау көрсетіп отырған ағымдағы жылы 3 республикалық, 9 облыстық әдістемелік іс-шара, соның ішінде курстан кейінгі сүйемелдеу жұмысы бойынша 1 425 педагогты қамтыған 57 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Рухани жаңғыру», «Бүлдіршін көзімен», «Білім. Білік. Дағды» республикалық байқаулары мен Қазақстандағы «Жастар жылына» арналған «Білім мазмұнын жаңарту: жас педагогтардың озық идеялары» тақырыбында өткізіліп отырған облыстық форумын ерекше атап өтуге болады. Форум аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы педагог қызметкерлердің біліктілігін арт тыру институтының директоры Э.Калиева құттықтау сөз сөйлеп, республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» бейнесабақтар мен бейнедәрістер байқауының облыстық кезеңінде жеткен жоғары жетістігі үшін Ақтау қаласы, Ш.Есенов атындағы университеті «Жоғары білімді оқытудағы заманауи технологиялар» аталымы бойынша ЖОО педагогикалық мамандықтарының оқытушыларын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі мақтау қағазымен марапатталды. Конкурсқа белсене қатысқан 56 мұғалім республикалық кезеңіне жолдама алды. Сонымен қатар роботты техника бойынша конкурстық жобалар көрмесі жеңімпаздары марапатталып, педагогикалық жетістіктердің көрме-шеруі, жас педагогтардың дискуссиялық алаңы көрсетілді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ