3 мамыр күні Маңғыстау облысына «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы келеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 мамыр мен 25 мамыр аралығында Маңғыстау облысының бірнеше елді-мекенін аралап, дәрігерлер тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.
Дәрігерлік бригаданың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог медициналық көмек көрсетеді. Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Медициналық пойыздың тұрғындарды қабылдау кестесі:
Тұрыш станциясы: 3 - 4 мамыр
Сам станциясы: 5 мамыр
Сайөтес станциясы: 6-7-8 мамыр
Жаңаөзен станциясы: 9-10-11 мамыр
Болашақ станциясы: 12 мамыр
Жетібай станциясы: 13-14-15 мамыр
Қарақия станциясы: 16-17-18 мамыр
Шетпе станциясы: 19-20-21 мамыр
Үстірт станциясы: 22-23 мамыр
Опорный станциясы: 24-25 мамыр
Медициналық пойыз дәрігерлері өңір тұрғындарын таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18:00-ге дейін қабылдайды.
Түскі ас уақыты - 13.00-14.00.
Айта кетейік, дәрігердің қабылдауына баратын тұрғындар міндетті түрде өзінің, баласының (баласын қаратса) жеке бас куәлігін және медициналық құжаттары болса, қосымша ала баруы керек.
Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әріптестігі негізінде іске асырылады.