© Архив
Бүгінде Каспий теңізінде қырылған итбалықтардың саны екі жүзге жуықтады. Итбалықтың өлімі бойынша сараптамалар нәтижесі әлі шықпады. Осы орайда белгілі эколог Әділбек Қозыбақов пікір білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің және ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақовтың сөзінше, теңізде қырылған жануарлардың саны олардың жалпы көлеміне шаққанда қалыпты құбылыс.
“Итбалықтардың қырылуы жылда тіркеледі. Жалпы тіршілік болғаннан кейін өлім қатар жүреді. Ол тек итбалыққа ғана емес, басқа жануарларға қатысты. Жануардың саны көбейген сайын салыстырмалы түрде өлімі де көп болады. Пайызбен алатын болсақ, 1 пайызы 100 мың итбалыққа шаққанда 1 мың итбалықты құрайды. Бұл қалыпты жағдай. Сондықтан 179 итбалық көп емес. Мәселе бұл нақты қадағалаудың, мониторингтің жоқтығынан болып отыр”, - деді эколог.
Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, итбалықтардың өлімінің себебін анықтауда көп жағдайда тәуелсіз экологтардың көмегіне жүгіне бермейді.
“Тәуелсіз сарапшылар арнайы білімі бар мамандарды мониторинг жұмысына тартатын болса, жалпы үкімет тарапынан бақылау жұмыстарына, онда көптеген ақпарат уақытында дер кезінде жетеді. Әлеуметтік желілері арқылы болсын жариялануы тиіс. Бірақ ондай жағдай болмағандықтан әрине, әркім әр түрлі ой-пікірін айтады. Болжам жасап, жаман жаққа қарай тарта береді. Мысалы, ауырған шығар, бір тұста мұнай төгілген шығар деп қорқынышты ойларын адамдар әлеуметтік желіде бөлісіп жатады. Оларға бұлай жазба деп айта алмасың. Себебі, оған қарсы нақты ақпарат жоқ. Бұндайды болдырмау үшін тәуелсіз сарапшыларды міндетті түрде тарту керек. Бірақ бұл жерде де кедергілер бар. Мысалы, кәсіпкерлік кодексінде тәуелсіз сарапшы ретінде бюджеттен қаржыландырылатын немесе квазимемлекеттік компаниялардан ғана тарта алады екен. Мысалы, экология департаменті мен прокуратура жағы соларды ғана шақыра алады. Егер олар бюджетке қарасты маман болса ол қалай тәуелсіз сарапшы болады. Бұл ретте мемлекеттен қаржы алмайтын маман мониторинг жұмысы кезінде сарапшы болуы керек деп ойлаймын”, - деді эколог.