Табиғи өрттер найзағай разрядтары мен халықтың өрт қауіпсіздігін сақтамауы салдарынан болады. Сол себепті тұрғындар демалыс орындарына барған кезде өрт қауіпсіздігін сақтауы қажет. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бектас Мұратов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, өрт қаупі бар кезеңде от жағу, қоқыс пен құрғақ шөпті жағу, май жағылған немесе жанғыш заттар сіңірілген шыны заттар мен бөтелкелерді қалдыру аса қауіпті.
- Табиғатта болған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз. Өрттің өте қауіпті екенін біліңіздер. Табиғаттың тағдыры сіздің қолыңызда! - деді Бектас Мұратов.
Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрәділ Иманғалиевтың айтуынша, өңірге 2023 жылы 390 мыңнан астам турист келді. 2023 жылы Маңғыстау облысының гидтері мен экскурсия жүргізушілерін сертификаттау мақсатында 50 гид және экскурсия жүргізуші оқытылған. Сабаққа үзбей қатысқан 45 тыңдаушыға гидтер мен экскурсия жүргізуші сертификаттары берілген.
Сонымен қатар облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Берікбаев өрт қауіпсіздігі жайында айтты.
- Өрт қауіпсіздігін сақтамаған тұрғындар мен қонақтарға ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабының 1 бөлігімен ескерту немесе 30 МРП және ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабының 1 бөлігімен 5 МРП айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады. Табиғи орындарға демалысқа шыққан соң қоқыс тастамауларыңызды және от жаққаннан кейін қадағалап, міндетті түрде өшіріп кетулеріңіз сұралады, - деді Бақытжан Берікбаев.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының «Адамгершілік рухани тәрбие және өзін өзі тану» бөлімінің бас маманы Орынгүл Мамутова мектеп оқушыларының ата-ана қадағалауынсыз табиғи орындарда демалуына болмайтынын ескертті.
- Құрметті ата-аналар, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Табиғи демалыс аумақтарына кәмелетке толмаған балаларды жібермеулеріңізді сұраймыз. Бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық, - деді Орынгүл Мамутова.