Елордамыз Астана қаласында республикамыз бойынша акушер мамандарының Халықаралық I конгресі өтті. Форумға Маңғыстау облысынан 10 акушер қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығы, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы , Жаңаөзен қалалық ауруханасы және Бейнеу орталық аудандық ауруханасы, сондай-ақ №1 Ақтау қалалық емханасы мен №2 Жаңаөзен қалалық емханасы және «Ясин» емханасының акушерлері бар.
Іс-шараның басты мақсаты – ана мен бала денсаулығын қорғау, сапалы акушерлік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, мамандардың біліктілігін арттыру.
Екі күндік шарада Беларусь, Литва, Ресей секілді бірнеше елден келген шетелдік дәрігерлер акушерлерге дәріс оқып, ғылыми негізделген акушерлік практикадағы халықаралық тәжірибелерімен бөлісті.
Форум барысында жүктілік кезінде және босанғаннан кейін әйелдерді емдеу, оңалту, клиникалық практиканы жетілдіру және жаңа технологияларды енгізу секілді өзекті мәселелер талқыланды. Жиын соңында саланың үздіктері марапатталды.
Маңғыстау өңірі бойынша «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін» Жаңаөзен қалалық №2 емханасының акушер маманы Жұмахан Дүйсенбаева ҚР денсаулық сақтау министрінің алғыс хатына ие болды.