Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығы мен Мұнайлы ауданының 10 жылдығы аясында «Төрт сері» салтанат сарайында «Мәңгілік ел жастары» тақырыбымен жас патриоттар форумы өтті. Форум ретро бағытында болып, дәстүрлі «Жас патриот-2017» жастар сыйлығы табысталды.
Cалтанатты кеш лазерлі шоумен ашылды. Онда бүгінгі кештен мазмұн беретін бірқатар мағлұматтар көрсетілді. Осы сәтте ортаға үш жүргізуші шығып, Елбасының үш тілділік саясатын қолдау мақсатында үш тілде ән орындады. Әсем әнмен көрермен көңілін көтерген жүргізушілер жастар сыйлығының жыл намасына шолу жасап өтті.
Айта кетсек үздіктерді анықтайтын бұл байқау 2010 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Осы жылдар ішінде 16 аталым бойынша 615 жас өз құжаттарын табыстап, 76 жас жеңімпаз атанған. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған аталмыш шараға осы жеңімпаздардың бірқатары қонақ ретінде келіп қатысты. Кейінгі жастарға таныстыру мақсатында олардың есімдерін атап өтті.
Бұл форумның басты мақсаты – жылды қорытындылап, сол жылдағы әр саланың үздіктерін марапаттау. Деректерге сай биыл «Жас патриот - 2017» жастар сыйлығына 10 номинация бойынша 59 жас өз құжаттарын тапсырып, олардың ішінен 10 жеңімпаз анықталған. Яғни «Жас көшбасшы», «Жас мемлекеттік қызметкер», «Жас үздік дәрігер», «Жас үздік құқық қорғаушы», «Жас үздік өндірістік қызметкер», «Жас үздік коммуналдық қызметкер», «Жас үздік ұстаз», «Жас үздік спортшы», «Үздік жастар комитеті», «Жас үздік ауыл маманы» номинациялары бойынша.
Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев пен Маңғыстау облысының жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетов форумға қатысушылар мен жеңімпаздарға құттықтау сөз сөйлеп, жоғарыда аталған номинацияларды табыстады.
Жеке-жеке тоқталар болсақ, «Жас патриот - 2017» жастар сыйлығының «Жас көшбасшы» номинациясымен Маңғыстау ауылдық «Миғраж» мешітінің жанынан құрылған «Үммет жастары» еріктілер тобының жетекшісі Мұрат Абулханов Парахатұлы марапатталды. Ол 2015 жылдан бері «Үммет жастары» еріктілер тобын басқарып келеді. 100-ге жуық жастардың басын қосып, әр сенбі сайын сенбілік қайырымдылығын жүргізіп келеді. Сонымен қатар әр мереке сайын қайырымдылық акцияларын өткізуде.
«Жас мемлекеттік қызмет» номинациясымен мемлекеттік қызметте 7 жылдық еңбек өтілі бар Мұнайлы ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы Мақсат Созақбаев Қуатжанұлы марапатталды. Ал «Жас үздік дәрігер» номинациясы Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының кардиолог дәрігері Гүлназ Хожакулыева Низамқызына табысталды.
«Жас үздік құқық қорғаушы» номинациясымен Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімі, жергілікті полиция қызметі жол потрульдік полиция ротасының взвод командирі, полиция капитаны Нұрбол Тұрсынбаев Ералыұлы марапатталды. Құқық-қорғау саласында 10 жыл еңбек етіп, бірнеше мәрте ауыр қылмыстың ашылуына мұрындық болып, алғысқа бөленген жан.
«Жас үздік өндірістік қызметкер» номинациясы «Экзотикалық құс әлемі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Есен Боранбай Боранбайұлына тапсырылды. Ол – 2016 жылдан бері Батыр ауылдық округінде «Экзотикалық құстар әлемі» ЖШС-нің басшысы. 5 адамды тұрақты жұмыспен, маусымдық жұмыс уақытында 1820 адамды жұмыспен қамтып, құстардың тоғыз түрін өсіріп, күніне 800, айына 20 мың жұмыртқа сатуға шығарып отырған жас әрі білікті кәсіпкер.
«Жас үздік коммуналдық қызметкер» номинациясымен «Маңғыстауэнерго» коммуналдық қазыналық кәсіпорнының электр жөндеушісі Асылбек Қадіров Жолжігітұлы марапатталса, «Жас үздік ұстаз» номинациясы Мұнайлы аудандық өнер мектебінің дәстүрлі ән пәні мұғалімі Темірбек Асқамбаев Ерсайынұлына берілді. Ол ұстаздық ете жүріп, облыстық, республикалық жыршылар байқаулардың жеңімпазы атанған. Сонымен қатар 2017 жылы «Атадан-Мұра» қоғамдық қоры президентінің дипломын алған.
«Жас үздік спортшы» номинациясымен 2017 жылы джиуджитсудан Грекия мемлекетінде әлем чемпионатында 3орын, Колумбияда ересектер арасында өткен әлем чемпионатында 3орынды иеленген Маңғыстау ауылы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің самбодан жаттықтырушы бапкері Әлия Тілепова Ахметқызы марапатталды.
«Үздік жастар комитеті» номинациясы №8 жалпы білім беру орта мектебі жанынан құрылған жастар ісі жөніндегі комитетінің жұмысын жандандырып жүрген Мәдина Орынбай Әбиқызына табысталды. Ал, «Жас үздік ауыл маманы» номинациясы Дәулет ауылдық округі әкімі аппаратының нұсқаушысы Ербол Аманов Раимбердіұлына берілді.
Аудан әкімі марапатқа ие болған жастармен естелік суретке түсіп, «Самға» жанұялық тобы Әсет Бейсеуовтің «Жолаушы» әнін орындады. Кеш аудан жастарының ән-күйіне ұласты.
Г. ТАСБОЛАТОВА
Тағы оқыңыздар: Ветеринар мамандар: Сатылымға ауру мал жіберілмейді