Маңғыстау облысы «Қоғамдық келісім» КММ, «Қамқорлық» әлеуметтік жобаларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры және «Жас қанат» жастар ұйымының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Тұғыры биік – Тәуелсіздік» тақырыбымен сахналық қойылымдар байқауын өткізді. Байқауға облыс орталығындағы бес оқу орны қатысты.
Байқау жастар арасында Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыра отырып, Елге, Жерге деген сүйіспеншілігін арттыру және облыстағы оқу орындары студенттерінің арасында ынтымақтастықты арттыруды мақсат етті.
Байқау нәтижесінде «Рухани жаңғыру – ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы» қойылымымен «Маңғыстау гуманитарлық колледжі» І орынды иеленсе, «Маңғыстау политехникалық колледжі» «Керегеміз – ағаш, Ұранымыз – алаш» қойылымымен ІІ орынды жеңіп алды. «Армысың азаттық» қойылымымен III орын «Болашақ» колледжіне бұйырды. Ш.Есенов атындағы КМТИУ командасына «Үздік актерлық шеберлік» номинациясы берілсе, Маңғыстау энергетикалық колледжі командасына «Үздік режиссерлық таңдау» номинациясы берілді.
«Бауқауға қатынасқан командалардың барлығы да мейлінше жақсы дайындықпен келген, ең бастысы жастардың тарихтан хабардар болып, ұлтының өткенін біліп, болашағына сеніммен қарауы қуантады. Сондай-ақ осындай байқаулар арқылы облыс орталығындағы оқу орындарының студенттері бір-бірін танып, ынтымақтастықта алға қарай ортақ мақсатта жұмыс жасай алады деп ойлаймын», - деп атап өтті «Қамқорлық» әлеуметтік жобаларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры басшысы Эльмира Калиева.