«Жастар EQ» әлеуметтік жобасы аясындағы 5 компонентті оқыту курсының алғашқы семинар-практикумы «Жастар арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбында өтті. Семинарға қатысу үшін арнайы іріктеу жүргізілген. Іріктеудің нәтижесінде 20 психолог алғашқы тренингке қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Семинарда психолог мамандар БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі, сертификатталған бизнес тренер, PhD кандидат Сымбат Абдрахмановадан білім алды.
Тренингтің мақсаты - жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау мәселесі туралы ақпараттандыру, алдын алу және араласу әдістеріне үйрету, психикалық денсаулық мәселелерін ашық талқылау үшін қауіпсіз кеңістік құру мақсаттарын қамту.
- Мамандар оқыту барысында жеке және топтық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, «Психикалық денсаулықты түсіну», «Суицидтің ескерту белгілері», «Алдын алу әдістері», «Дағдарыс әрекетінің жоспарын қалай құруға болады?», «Психодиагностикадағы жаңа әдістер», «Психотерапиялық элементтерді қолдану арқылы коррекциялау» тақырыптарын меңгерді, - деді «Қолдау» орталығы жекеменшік мекеме директоры Милана Елеусінова.
Бұған қоса, 20 психолог маман республикалық деңгейдегі сарапшының қолдауымен тәжірибелік жұмыстар жүргізген. Алдағы уақытта қатысушылар «Эмоционалдық интеллект» тақырыбындағы семинар-практикумда тәжірибе арттырады.
Айта кетейік, аталған жоба Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асады.