Ақтауда 14-15 тамыз күндері мемлекеттік рәміздерге арналған заң талаптарын, оларға бекітілген ҚР ұлттық стандарттарын түсіндіру бойынша семинар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Семинарға білім беру ұйымдарындағы
ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін ҚР мемлекеттік рәміздерін ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелері қатысты.
Шара барысында ҚР заң талаптары мен оларға бекітілген ұлттық стандарттардың талаптарын түсіндіру, стандартқа сәйкес келмейтін ҚР мемлекеттік рәміздерін ауыстыру және жою қағидалары бойынша технологиялық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, облыстық ішкі саясат басқармасы, қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары ақпарат берді.
- Биыл 50 мемлекеттік мекемеге ҚР мемлекеттік рәміздерінің дұрыс қолданылуына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Негізгі мақсат - мемлекеттік органдардағы ҚР мемлекеттік рәміздерінің дұрыс қолданылуын, орналасу қағидаты мен мемлекеттік стандартқа сәйкестігін, жарамсыз рәміздерді жою тәртібінің сақталуы мен сапасын тексеру, ұсыныстар беру. Мұндай семинарлар «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының ұйысдастыруымен жыл сайын өтеді, - деді «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.
Семинар қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті.