Жастарды жат ағымдардан сақтандыру—қазіргі қоғамның күн тәртібінен түспейтін басты міндетінің бірі болып алды. Осы бағытта жасөспірімдермен жұмыс жүргізіп келе жатқан Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі Мұнайлы ауданының Маңғыстау селосындағы №5 орта мектепте кездесу ұйымдастырды.
Мектеп залында болған кездесуді қоғамдық бірлестік төрағасы Матжан Шаулиев ашып, қозғалып отырған мәселенің өзектілігін атап өтті.
Маңғыстау өңіріне арнайы келген теология ғылымының докторы Мұхан Исахан ауыл мектебінде жақсы оқып, көзге түскен ұл-қыздардың 60 пайыздайы басқа жаққа оқуға кеткенінде жат ағымдарға шырмалып қалатынын, не қылмыстық топтарға қосылып кететінін айтты.
Жат пиғылды діни ағымдардың таралуын Ислам тарихымен сабақтастыра түсіндірген ғалым ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі дініміздің артықшылықтарына тоқталды. Сондай-ақ ол теріс бағыттарды ұстанушылардың кейбір белгілері жайында әңгімелеп, олардан сақтану жолдарын нұсқады.
Кездесу барысында ұстаздар мен оқушылар осы тақырыпта өздерін толғандырған сауалдарына тұшымды жауап алды. Жат ағымдар қатарында болып, зардап шеккен жастар мен отбасылардың шырғалаңға түскен өмірі туралы бейнебаян көрсетілді.
«Боевое братство» қоғамдық бірлестігі Мұхан Исаханмен осындай кездесулерді Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Қарақия ауданының Жетібай ауылдарындағы мектептерде де өткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА