Қарақиялық ерікті жастар тобы әр күні игі істердің жанынан табылып жүр. "Ардагерлерді ардақтайық!" шарасы аясында Құрық ауылының тұрғыны Жазықбай атаның үйіне барып, қол көмегін көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еріктілер атаның ауласындағы қоқысты шығарып, айналасын ретке келтіріп берді. Есесіне, қарияның батасын алған еріктілер жобаның ары қарай жалғасатындығын айтты.
Сонымен қатар олар бүгін көше тазалығында жүргендерге көмектесіп, ізгі ілтипат білдірді. Күннің суығында қызмет етіп, көшеде жүргендерге ыссы шай мен тәтті тіскебасар ұсынып, мейірім шуағын сыйлады.