Жастар жылына орай ауданның белсенді жастары Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына барды. Мұнайшы өмірінің бір күнгі тірлігімен таныса барған жастар өндірістің басқарма басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Қалмұрза Бүркітов, Жетібай, Мұнайшы ауылдарының әкімдері Қуаныш Асанов пен Болат Бекмұрзаевтармен кездесті. Кездесу барысында жастар тарапынан бүгінгі таңдағы жастардың тәрбие мәселесі, білім алу, мамандық таңдау, діни ахуалы туралы біраз ой-пікірлері айтылып, түрлі сауалдар мен ұсыныстар жасалды. Жастардың кәсіпкерлікке деген рухын оятып, ерте бастан оларды өз алдына тірлік етуге бағыт-бағдар берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Аманат Махмутов іскер кәсіпкер атанатын адам, ізденіс пен мықты ерік-жігер арқылы арманына қол жеткізе алатынын айтып, жастарға кәсіпкерлік саласының қыр-сырларын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жастар үшін берілетін мүмкіндіктерге тоқталып, жастарды кәсіпкерлікті дамытуға шақырды. Бұл бас қосуда қоғамдық істерде белсенді және өз кәсібінің майталманы атанған білімді жастар, зиялы қауым өкілдерімен еркін түрде сөз өрбітті. Сонымен қатар жуырда ғана Астана қаласында Жастар жылының ашылу салтанатында болған Мұнайшы елді мекенінің тұрғыны, ең жас кәсіпкер Қойбағар Көмекбай Жарылғапұлы өзінің Елбасымен кездескен сәттерін әңгімелеп, сол форумнан алған әсерін ерекше тебіреніспен жеткізді. «Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны - Қазақстанның ең орасан жетістігі, Мемлекет басшысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын», - деп бізге сенім артқан Көшбасшымыздың қанатты сөздері көңіліме қонды. Бұл сөздер мені қанаттандырды. Болашаққа жоспар құрып, өмірдің биік белестерін бағындыру өз қолымызда екенін түсіндім. Мемлекет басшысымен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі тәуелсіз елдің жастарына риза болған Елбасы бізге ақ батасын беріп, болашағымызға сәттілік тіледі»,- деген іскер азамат өз қуанышын жасырмады. Әрине, Елбасымен көзбе-көз сөйлесіп, жүздесу кез-келген жанға бұйыра бермесі анық. Бұдан кейін ауданның белсенді жастары Жетібай кен орнындағы №1, №2 мұнай өндіру, мұнайды дайындау, айдау цехтарында және де алғашқы мұнай атқан ұңғының басына орнатылған ескерткіш басына барып, сол жерде еңбек етіп жатқан мұнайшылармен тілдесті. Мұнайшыдағы «Еңбек даңқы» мұражайына барған белсенді жастар өндіріс алаңының макетін, кішігірім мұнай мұнарасын, құрал-жабдықтар мен Жетібайдың кен орындарынан өндірілген мұнай үлгілері мен мұнайшының жұмыс киімдерін, сондай-ақ мұнайшылардың демалатын орындарын тамашалады. Бұл кездесуде өз елінің өткеніне қызығушылық танытқан жастар рухани құндылықтармен танысып қана қоймай мұнай саласы бойынша да білімдерін жетілдірді.
Фариза ХАЙДАРОВА