Қарақияда "Бір ел - бір кітап" акциясы аясында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Шәкәрім оқулары өтті.
Мәдениет үйінің фойесінде екі кезең бойынша өткен сайысқа мектеп оқушылары мен оқырмандар қауымы қатысты. Онда: "Мұхиттай терең мұра" бағытында оқушылар Шәкәрім өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқып және әділ қазылардың сұрауы бойынша берілген өлеңді оқу арқылы сыналды. Нәтижесінде, алтыншы мектеп оқушысы Жансая Чандиева - 1, Аппақ ауылы он бірінші мектеп оқушысы Гүлнұр Қаниева - 2, Құрық мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрғали Айдана - 3 орын иегері атанды. Ал, "Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда" бағыты бойынша, жас ақындар жарысып, Шәкәрім аталарына жазған өз арнауларын және еркін тақырыпта бір өлеңдерін оқыды.
Әр мектептен өлең жарыстыра келген жас ақындардың бәрінің де аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, гимназиялық жас жүйрік Үмітжан Кеңесова - 1, бірінші мектеп оқушысы Мәншүк Өтеулиева - 2, тағы да гимназиялық жас ақын Нұртас Аязбаев үшінші орын иеленді. Екі бағытта өткен байқауға аудандық мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысы Д.Атағараев, Мәдениет үйінің директоры С.Құлманов, айтыс ақыны Н.Қонайұлы, аудандық кітапхана директоры Г.Сыдықова және аудандық қоғамдық-саяси "Қарақия" газетінің редакторы Ш.Кендіндер әділ төрелік етіп, жас буынның әдебиет әлеміне деген талпынысын бағалады. Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталса, бір топ жас ақын және мәнерлеп оқушылар да ынталандыру сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, байқауды Шәкәрім әндерімен әрлеген өнерпаздар, оқушыларды өнерге баулып, сайысқа қатыстырған ұстаздар да алғыс хатқа ие болды. Әрине, марапат - басты мақсат емес. Ең басты мақсат - жас ұрпақтың мемлекеттік тілге, ұлттық әдебиетке, кітап оқуға, поэзияға құрметін арттырып, Шәкәрімдей ұлы тұлғаны руханиятқа үлгі-өнеге ету болатын. Сол арқылы дарынды жастарды танып, бұлақ көзін ашу болатын. Шара өз мақсатына жетті. Ұлы мұратқа ұмтылған жандардың еңбегін елеп, ынталандыру да орынды. "Бір ел - бір кітап" акциясына арнап кітап көрмесі де жасақталыпты. Бүгінгі шара Шәкәрім мұраларын тереңірек таныта түсті. Бұл - рухани жаңғыру!
Шынар КЕНДІН