Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен қазан айында басталған «Ауылым – ел бесігі» атты жастар керуені Бейнеу ауданындағы Сарға ауылының жастарымен кездесті. Керуеннің басты мақсаты – 5 қазан күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауын жастарға кеңінен насихаттау. Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынған болатын. Осыған сәйкес жастардың ұсыныс, пікірлерін тыңдау болып табылады. Жастар керуенінің құрамында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Тұяқов Бауыржан Орынбайұлы, «Жаңа серпін» орталығының маманы Майра Досниязова, Бейнеу политехникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Исатаев Рахметулла Амантайұлы, теолог-маман Заир Мұхаммадюсуфұлы болды.
Алдымен басқарма басшысы Бауыржан Орынбайұлы сөз алып, керуеннің мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп, сонымен қатар өңірімізде жастар үшін жасалынып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Әр сала бойынша мамандар өз жұмыстарын түсіндіріп өтті. Атап айтқанда Майра Досниязова жұмыссыздықтың алдын алу бағытында істеліп жатқан игі істерді атап, қысқа мерзімді курстарға жастарды оқуға шақырды.
Рахметулла Амантайұлы еліміздегі кәсіптік-техникалық мамандықтарды тегін алу және ол үшін қалаға кетпей, ауданнан алуға болатын мүмкіндіктерін айтты.
Теолог-маман Заир Мұхаммадюсуфұлы қазіргі таңдағы діни экстремисттік жат ағымдардан жастарды аулақ болуға шақырды.
Сонымен қатар кездесу соңында «Ақтау-Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шаулиев сөз алып, жастарды өз елінің патриоты болып, елге қызмет етуге шақырды. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Қайранов Жеңіс Исламғалиұлы аудан жастары атынан қонақтарға өз алғысын білдірді. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
Тұралы ЖОЛЫШОВ