Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Ал осы жылдың қараша айында республиканың статистика органдары Қазақстан Республикасы Халық санағын өткізеді. Статистика саласындағы қызметті қоғамға насихаттау әрі халықты алда келе жатқан Халық санағымен ақпараттандыру мақсатында Маңғыстау облысының статистика департаменті Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің Атриум залында «Ашық есік күнін» өткізді. 2019 жылы өтетін Халық санағына орай Маңғыстау облысы бойынша статистика департаменті алдын ала жоспар түзіп, санақ жұмысын оңтайлы жүргізу жолдарын қарастыруда. Кезекті Халық санағы жұмысына жұмылдырылатын еріктілер де көптеп қажет етіледі. Ашық есік күні шарасында студент жастарға тақырып аясы кеңінен түсіндірілді. Халық санағындағы негізгі жаңашылдықтың бірі – компьютерлендіру, яғни санақ жүйесін цифрландыру. Санақ науқанында арнайы интернет-портал ашылып, онда азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдай алады. Сонымен қатар санақ жүргізетін мамандар планшет құрылғыларымен ақпаратты бірден мәліметтер базасына жолдап отырады. Бұл санақты жедел жүргізуге әрі қателікке жол бермеуге мүмкіндік беретін болады. «Ашық есік күні» аясында оқу орнының білімпаз жастарына қазақ және орыс тілдерінде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы материалдар, брошюралар мен буклет, кітапшалар ұсынылды. Маңғыстау облысы бойынша статистика департаменті директорының орынбасары Алтыншаш Исламова Халық санағына қатысты орайластырылған жұмыстың жай-жапсарымен таныстырды. «2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Біздің Маңғыстау облысының Статистика департаменті жастармен етене жақын байланыс орнату мақсатын да Ашық есік күні ұйымдастырып отыр. Шара барысында жастарға статистика туралы толығырақ түсінік береміз. Бізге алдағы санақ науқанында жұмыс жүргізуге бір мыңға жуық адам қажет. Мемлекеттік маңызға ие шараға жастарды жұмылдырсақ деген ойымыз бар. Жастармен кездесуде оларды қоғамдық қарымқатынас, адам дармен байланыс жасау әдебі мен әдістеріне үйретсек дейміз. Бүгінгі таңда Халық санағы жұмысы жетілдірілді, жаңа технологиялық мүмкіндіктер де пайда болды. Санақ енді бұрынғыдай дәстүрлі қағаз жүзінде ғана толтырылмайды, планшет құрылғылары арқылы онлайн тіркеуден өткізіледі. Осы ретте технология тілін тез меңгеретін де дәл осы жастар екенін ескере келе жас буын өкілдерін санақ жұмысына тартамыз», – дейді департамент директорының орынбасары. Шара аясында оқу орнының студенттері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің жарияланымдарымен және Маңғыстау облысы статистика департаменті дайындаған брошюра-буклеттермен танысты. Департамент өкілдері жастарға «Е-статистика интегралды ақпараттық жүйе», «Статистика пайдаланушыға», «Маңғыстау облысының демографиялық дамуы», «Баға статистикасы», «Маңғыстау облысының саудасы», «Маңғыстау облысының шағын және орта кәсіпкерлігі», «Маңғыстау облысының өнеркәсібі», «Маңғыстау облысындағы еңбек статистикасы», «Маңғыстау облысы халқының тұрмыс деңгейі» атты ақпараттық кітапшалар ұсынды. Ашық есік күні студент жастар статистикалық жарияланымдармен танысып, www.stat.gov.kz интернет-ресурсы арқылы қажетті статистикалық ақпараттарды өздігінен алу әдістерін үйренді. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Педагогика және психология факультетінің 3 курс студенті Марал Алдабергенова – өткен жазғы демалысын қоғамға пайдалы жұмыстармен өткізген белсенді жастардың бірі. Ол облыстағы статистика жұмыстарына қатысып, көз жеткізген жайттар жайлы пікірімен бөлісті. «Жазғы демалыс кезін де Қазақстан Республикасындағы гендерлік статистика бойынша жүргізілген жұмыстарға атсалыстым. Үйлерді аралап сауалнама жасадық. Сауалнама барысында адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы пікір түйдік. Отбасындағы адамдар саны, олардың бір-бірімен байланысын білдік. Сондай-ақ отбасындағы адамдардың жас айырмашылықтары, бала, ұрпақ саны туралы да толыққанды мәліметтер алдық. Статистика жұмыстары отбасындағы және қоғамдағы мәселелерді анықтау үшін маңызды деп білемін», – дейді М.Алдабергенова. Статистика департаменті басшысының орынбасары Алтыншаш Исламова 2019 жылы өтетін Халық санағына дайындық жұмыстары туралы мәліметтермен бөлісті. «Халық санағы интернет желілері және планшеттік құрылғылар арқылы жүргізіледі. Ал жастар қазіргі заман жетістіктерін еркін қолдана біледі, байланысқа құмар, бірнеше тіл меңгерген және техникалық білімдері де бар. Халық санағы жұмысына қызыққан жастарды интервьюер ретінде жұмыс істеуге шақырамыз», – дейді Алтыншаш Сұлтанқызы. Оның айтуынша, облыс көлеміндегі Халық санағының алғашқы кезеңіне 106 адам, екінші кезеңінде 847 адам жұмылдырылады. 1 кезең, яғни алдын ала санақ жарты жылға есептелген. Сұхбаттасушы персоналдар ай бойына өзіне тиесілі учаскелерді аралап, тұрғын үй, ғимараттар және тұрғын үй емес мекемелер мекенжайлары тізімі бойынша мәліметтер жинайды. Осы жиылған деректер негізінде аудандарға бөлу т.б. есептік, құрылымдық жұмыстар жүргізілетін болады. Жаңа санақ жұмысында елімізде бұған дейін өткізілген санақ кезіндегі дәстүрлі қағаз толтырумен қатар, технологиялық инновация жетістіктер кеңінен қолданылады. Әсіресе интернет желісі мен портативті-есептегіш құрал санақ жұмысын жеңілдете түспек. Сонымен қатар мәліметтердің қайталануының алдын алу және деректер базасы ақпараттарының маңыздылығын арттыру мақсатында респонденттің жеке идентификациялық нөмірі де есепке алынады. Халық санағы республиканың әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын айқындау мақсатында ұйымдастырылады. Халық саны мен құрамы, елдің тұрмыс деңгейі туралы ақпараттар барлық деңгейдегі бюджетті қалыптастыру үшін өте маңызды саналады. Себебі осының негізінде Қазақстанның және өңірлердің әлеуметтік-эко номикалық даму өлшемдері есебі жүргізіледі. Халық санағы жұмысының дайындық кезеңі алдағы жылдың мамыр айынан басталады. Департамент директорының орынбасары Алтыншаш Исламова дәл осы кезеңде ауқымды жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Бұл ретте құқықтық, ұйымдастырушылық, әдістемелік, бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету, жалдамалы жұмыскерлер бойынша шаралар және санақ жүргізетін қызметкерді дайындау, түсіндіру жұмыстары бар. Әдістемелік материалдар мен санақ құралдары бойынша пилоттық жоба әзірленіп, ол қазіргі уақытта өңделу үстінде. Пилоттық санақ үшін арнайы дизайн әзірленген және www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты құрылған. Бүгінде порталдың онлайн санақ бөлімінде 2019 жылы өтетін ұлттық Халық санағы үшін жетілдірілу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Маңғыстау өңірінде алдағы санаққа дайындық жұмыстарын жүргізетін штаттан тыс бөлімдер жасақталмақ. Халық санағының нәтижелері ұзақ мерзімді перспективаға ие. Осы арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру және басқа да бағыттар бойынша шешімдер қабылданады. Оның құндылығы Қазақстан Республикасы халқының тек нақты жағдайын біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өміріндегі көптеген аспектілерді жобалауға мүмкіндік беруімен жоғары болмақ. Қазақстан Республикасының Халық санағы – Қазақстанның тарихы, ел шежіресі. Осы орайда мемлекетіміз үшін маңызы зор санақ жұмысына ерікті жастар мен ақылы түрде жұмыс істеуге даяр жас мамандар қабылданатынын айта кеткіміз келеді. Облыстық статистика департаментінде мамыр айынан бастап жас мамандармен дайындық жұмыстары жүргізілетін болады.
Жайық НАҒЫМАШ