Ұлттық бірыңғай тестілеуге қаңтарда қатысты
[ 2019 ] 18 ақпан, 09:52 | Жастар беті
Бейнеу ауданындағы мектеп түлектері жаңа өзгеріске сәйкес қаңтар айында өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. ҰБТ әдеттегідей Күйкен орта мектебінің базасында өтті. Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Жантөре Ғабитұлының берген мәліметі бойынша тестілеуге Бейнеу ауданынан 554 оқушы қатысқан. Тестілеу 2 лекте өткізілді. Ең жоғарғы көрсеткіш – 108, ең төмені – 13 балл. Жалпы айтқанда осы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша 310 оқушы шектік деңгейді бағындырды және олардың алған сертификаттары кез келген жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге жарамды.
Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін жылына төрт рет қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында өткізіледі. Биыл ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар оқушылар үшін шет тілі пәні бойынша тестілеуден босату туралы норма енгізілді. Оқушыға ҰБТ-ны республикамыздағы ҰБТ өткізілетін кез келген пункттен тапсыруына мүмкіндік жасалды.
Білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша (тізілімі ҰБТ өткізу қағидаларымен анықталады) тағайындалады. Мектеп бітіретін оқушы қаңтар және наурыз айында өтетін ҰБТ-дан кейін маусым айында өтетін ҰБТғ-а қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылмайды.
Талапкерлер жоғары оқу орнына қабылдану үшін ҰБТ нәтижесі бойынша бекітілген шектік балды жинауға тиіс. Шектік балл – 50. Сонымен қатар әр пәннен 5 балдан кем емес жинау керек.
Келесі ҰБТ наурыз айының 24–29 аралығында өткізіледі.
Үміт ҚАЗДАЕВА
1212
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.