Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен бүгін Мұнайшы ауылының № 5 орта мектебінде оқушыларға арналған тегін IТ cыныбы ашылды. Алғаш рет ашылған IТ сыныбының салтанатты рәсіміне Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Келдімұрат Дауырбаев, білім бөлімінің әдіскері Назира Телбаева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мария Жақсыбаева және мектеп ұстаздарымен оқушылары қатысты. Салтанатты шарада Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Келдімұрат Түгелбайұлы мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мария Жақсыбаева IТ сыныбының лентасын қиып, жаңа заманның цифрлы сыныбын тамашалады. Сондай-ақ заманауи сыныптың артықшылығына тоқталып, осындай сыныптар оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік бәсекеге қабілетті жұмыс атқара алатын ұрпақ болып қалыптасатынын түсіндірді. «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолға алынған бұл игі бастама бүгінгі жастар үшін маңызы өте зор. Бұл ақылды сыныптың ашылғанына өте қуаныштымын. Себебі бұдан былай мұнда оқушылар сапалы интернетпен қатар бағдарламалау, робаттехника мен 3Д модельдеу бағыты бойынша білімдерін арттырады. Дегенмен жуырда ғана «Назарбаев зияткерлік» мектебіне барып, осы салада додалы жарыстан бірінші орынды алып келген шәкірттеріміз, енді мектебімізде осындай IТ сыныбы ашылып тұрғанда, балалар бұдан да үлкен жетістіктерге қол созады», - дейді сенімді түрде информатика пәнінің мұғалімі Ләззәт Аманшаева. Өзі кішкентай болса да, үлкендердің ойымен сөз сөйлеген 6 сынып оқушысы Томирис Айманбетова: - Біз жаңа сыныпта оқуды бастадық. Қазіргі жаһандану жағдайында бұл сынып біздің білімімізді арттырумен қатар дамыған елдер қатарынан көрінуімізге кең жол ашады. Сыныптастарым да IТ сыныбына үлкен қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ мұнда өзімізге керекті бағдарламаларды меңгеріп, ойымызды жеткізуге керемет мүмкіндіктер туады, - деп ойын ашық айтты. Жаһандану заманында ең басты құндылық - адам болса, ал адамның құндылығы оның білімінде. Сондықтан қазіргі заман білектің емес, білімдінің заманы екенін ұққан оқушылар осындай сыныптың ашылғанына дән риза.
Фариза ХАЙДАРОВА