Өлкемізде жас болса да бас болып, өз кәсібінің нәсібін көріп жүрген жастардың көбейіп келе жатқандығы, олардың қазіргі қоғамға пайдасын мейлінше көп тигізетін өз ісіне адал және еңбекқор екендіктері қуантады. Осындай жасампаз жастар қатарындағы жаратылысы нәзік бола тұра бір ұжымды басқарып, халыққа сапалы қызмет көрсетуді көздеген Гүлзада Бекмұратқызы туралы жазуды жөн санадым.
Ол 1987 жылы қараша айының 15 жұлдызында дүниеге келген. 2005 жылы Жаңаөзен қаласындағы Қ.Күржіманұлы атындағы №8 орта мектепті тәмамдап, 2009 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алды. Алғаш еңбек жолын 2010 жылы “Батша Қуан” ЖШС мекемесінен бастап, 2011 жылы Ақтау қаласының халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы болып, одан HR - менеджер қызметінде болды. Еңбекте үздік жастар қатарынан көрінген Гүлзада 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық халыққа қызмет көрсету бөліміне басшы қызметінде абыройлы қызмет көрсетіп келеді. Таң атысымен қандай да бір құжатпен ерсілі-қарсылы жүрген халық пен оның түрлі мәселелері, құж-құж қайнаған қызмет ортасында жүрген Гүлзада үшін халықпен жұмыс жасау оңай еместігі анық. Дегенмен де істің көзін тауып, шебер ұйымдастыру бар жерде қандай да істе болсын кедергі болмайтынын Гүлзада Бекмұратқызымен әңгімелескеннен кейін көз жеткіздік.
«Маңғыстау ауданына жұмыс бабымен келіп, аудан халқымен етене араласып, барлық білген біліміммен бөлісіп келемін. Өте жайдарлы, көңілдері кең халықпен таныстым. Халықпен тікелей жұмыс жасап, құжаттарын дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсете білу қай кезде болсын – ең маңызды мәселе. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру және оларға мемлекеттік органдардың қызметтерін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асыруға, белгілі бір қызметті алу үшін жүгінген азаматтарға қажетті анықтамалар мен құжаттарды алуға мүмкіндік берді. Сондықтан да әрбір келген жеке адамға нақты кеңес беріп, дұрыс құжаттарын қабылдауға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Әрине, халықпен жұмыс жасау оңай емес, әркім әртүрлі жағдаймен келеді, дегенмен барлық келген халықтың жұмыстарын бітіріп, көңілінен шығуға тырысамыз. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы адам баласы дүниеге келгеннен бастап, өмірінің соңғы сәтіне дейінгі құжаттарын рәсімдейді. Бүгінде біршама мемлекеттік қызметтер онлайн-форматқа көшті. Қызметтерді онлайн алып үйрену үшін де көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Елімізде пандемия кезіндегі карантинде халықтың көп шоғырланатын орны болғандықтан халыққа қызмет көрсету бөлімдері жабылды. Алайда дайын құжаттар беріп, онлайн түрде кеңес беру жұмыстары жүріп жатыр. Карантин уақытының тиімді болғанын ескере кеткім келеді. Себебі халық egov.kz үкімет порталында онлайн қызмет алуды біршама үйренді. Әрине, жамандықтың бетін әрі қылсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халыққа қызмет – ең басты міндет!», - дейді Гүлзада.
Ел үшін, халық үшін қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген нәзік жанды басшыға еңбекте жеміс, халықтың алғысына бөлене беруін тілейміз.
Дина УТЕПБЕРГЕНОВА