Қазақстан Республикасының Конституциясы жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ата Заңымыз 9 тарау және 98 баптан тұрады.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және кейінірек 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Қазіргі Ата Заңымыздан бұрын Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Конституция қабылданған болатын.
Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен жаңа қоғам талабына сай болмады. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған еді. Сол себепті 1995 жылы Ата Заңымыз қайта қабылданды.
Жаңа Конституция - заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзіреті мен өзара әрекет етуін заң тұрғысынан айқындады. Мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен қарапайым азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді.
Ата Заң Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді.
Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану - ел тәуелсіздігінің көрінісі. Халықтың еркіндігін айшықтайтын бұл құжат өзінің нормалары мен қағидаларымен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениеті дамыған елдердің қатарына жетелейді. Сол себепті басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту.
Ата Заңымыз ел игілігіне жұмыс жасайтынына мен сенемін. Өйткені елдің жеткен биігі - біздің жетістігіміз. Биылғы жылы 30 тамызда Конституциямызға 25 жыл толады.
Бейбіт ел болып, береке - бірлігіміз арта берсін!
А.ҚАЙЫРБОЛАТ,
Маңғыстау ауданы прокуратурасының прокуроры