Бүгін аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрылған күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға облыстың бас прокуроры Руфат Құттықов, жергілікті атқарушы және прокуратура өкілдері, сала ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиынға қатысушыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан Республикасы Прокуратурасы күнімен құттықтап, сала қызметкерлерінің заңдылықты қадағалауға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
- Елімізде заңдылықтың орындалуын, азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің мүлтіксіз сақталуын, қоғамның барлық салаларында заңдылықтың бақылануын қадағалайтын прокуратура органдарының маңызы зор. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, қабылданған заңдарды бекіту жөніндегі тапсырмалары жоғары деңгейде орындалуда. Осыған орай, прокуратура органдарына мемлекеттің жеке және азаматтарымыздың мүдделерін қорғаудағы адал еңбегі үшін алғысымызды білдіремін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Жиын соңында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, құқықтық тәртіпті нығайтуға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға Маңғыстау облысы әкімінің атынан алғыс хаттар берілді. Ал, облыс прокуроры Руфат Құттықов қызметкерлерге «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 30 жыл» мерекелік медалі, «Прокуратура үздігі», «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері және өзге де шендерді табыс етті.