Облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың жылу тораптары жылу жүйесіне қосылды. Температура кестесіне сәйкес қалаға берілген температура - 101 градус, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгінгі таңда 5 мектеп және 1 мектепке дейінгі білім беру нысандарының кейбір блоктарындағы ақауларды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі Ербол Ізбергенов және әкім орынбасары Әбдеш Түркменбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева, КЖСА директорының орынбасары Ислям Үсенов және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Серікбаев пен тұрғын үй инспекциясының мамандары әлеуметтік нысандардағы жылу деңгейін тексерді.
Нәтижесінде мектептерде жауапты қызмет көрсетуші мекемемен тиісті реттеу жұмыстары жүргізілмегені белгілі болды. Дегенмен сағат 17:30-да реттеу жұмыстары жүргізіліп, барлық оқу орнында жылу мәселесі шешілді.
Айта кетейік, қала әкімі Ербол Ізбергенов туындаған мәселені шешу мақсатында жауапты мамандарға тапсырма берді.