Маңғыстаулық журналистер облыс прокуроры Құттықов Руфат Бауыржанұлына ашық прокурор деген баға берді.
Бүгін өңірдегі барлық газет пен ақпараттық сайттың басын біріктірген «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры атынан облыс прокурорына алғыс хат табысталды. Онда прокурордың халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық жұмыс істегені айтылған. Журналистердің алғысын облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп пен «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директорының кеңесшісі Лаура Тындырғанова табыстап, прокуратура күнімен құттықтады.
Кәсіби мерекеде қаламгерлерден алғыс алу зор қуаныш екенін атап өткен Руфат Бауыржанұлы әділет жолында әлі де ашық еңбек ете беретінін жеткізді.
Жаңа қызметке 4 ай бұрын тағайындалған Руфат Құттықов Маңғыстау облысына қарасты барлық қала мен ауданды аралаған бірден бір прокурор. Осы кездесулерде отызға жуық адамды жеке қабылдады. Ал прокурор болып тағайындалғаннан бастап 150 тұлғаның арыз-шағымын тыңдаған. Ол қызметке кіріскеннен бастап 21 мыңға жуық тұрғынның құқығы қорғалды, оның ішінде 15 975-і конституциялық құқықтар. Сондай-ақ жүргізілген 38 тексеру мен 59 талдау нәтижесінде 213 құқықбұзушылық жойылған.