Күні кеше ғана Президентіміз Қ.Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жолдады. «Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз», – деп қанаттандырған Президент біршама маңызды істердің басын ашып айтты.
«Пандемия сирек мамандықтардың дәрігерлерін, эпидемиологтерді, инфекционистерді, реаниматологтерді және кардиологтерді әзірлеу мәселесін төтесінен қойды. Үкіметке шамамен 10 жылға медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді болжам жасауды тапсырамын. Үкімет бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауы қажет. Ол барынша мобильді әрі халықтың барлық тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Шалғай өңірлердегі көліктік медицинаны жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау қажет», – деді Президент. Сондай-ақ «Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көп салалы нысан пайдалануға беріледі», - деді.
Жасыратыны жоқ, наурыз айында басталған пандемия кезінде шалғай ауылдарға алғашқы медициналық көмектің, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі сезілді. Мұндай шешім — еліміз үшін ең оңтайлы шешім болмақ. Президент өз сөзінде 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары болады, - деп айтып өтті. Бұл — барша ақ халатты абзал жандар үшін жағымды жаңалық болмақ. Кешегі қиын-қыстау күнде «Бір жағадан бас шығарып», тынымсыз еңбек ете білген медицина қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Әрине «Медицина қызметкерлерінің жалақысы өсіп, жағдайы жақсарса, ауылдық жерлерге де жас мамандар жұмыспен барушы ма еді?» деп те ойлаймыз. Маман тапшылығы азайып, қызмет сапасы жақсарар ма еді?
- Алдымызда күрделі әрі ауқымды міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Біздің стратегиялық бағытымыз айқын, түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз. Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралар жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсысымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек, - деген Мемлекет басшысының сөзі әрбіріміздің санамызда тұруы тиіс. Халқымыз ежелден-ақ «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған ғой.
Айткүл ТАСЫМБАЕВА,
Шетпе селосы