Қарақия ауданы Жетібайдағы №4 орта мектепте жастар клубы құрылды. Қай қоғамда болмасын, жастар - елдің ертеңі, болашағы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», - деген. Солай болды да. Күні кеше Астанада салтанатты түрде ашылған Жастар жылы көтерген игі бастамалар барлық өңірде қолдау табуда. Осыған байланысты аудандық мәслихаттың ең жас депутаты, Жетібай ауылы №4 мектептің дене шынықтыру пәні нұсқаушысы Қуандық Бағлан: - 18 қаңтар күні Жетібай ауылындағы №4 орта мектепте жастар жылына байланысты жиын өтті. Қазіргі таңда ұжымда 35-тен аса жас қызмет етуде. Жиында мектеп директоры жастарды құттықтап, Елбасының Жолдауымен таныстырып, Жастар жылына жасақталған іс–шаралар жоспарын талқылады. Жиын соңында ұжым жастарынан құралған «Жалын» жастар клубы құрылды. Жастар клубының құрылудағы негізгі мақсаты - туған еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосу, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысу, жастар саясатын қолдау, жасақталған жоспарды іске асыру. Биыл алға қойылған мақсаттарға жетуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бой емес, ой жарыстыратын заманда, жастарда жастық жалын мен жігер барда нәтижелі жұмыстар атқарылады деп сенемін, - дейді.
Шынар КЕНДІН